Мемлекеттік кірістер комиитеті қазақ-өзбек шекарасындағы «Қазығұрт» және «Атамекен» автомобиль өткізу пунктеріне қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Sanur.kz.
15 ақпаннан бастап ЕАЭО сыртқы шекарасының өткізу бекеттерін техникалық жаңғырту жұмысына байланысты қазақ-өзбек шекарасындағы «Атамекен», «Қазығұрт» өткізу пунктері арқылы тек жүк көліктері өткізіледі.
Қазіргі уақытта Мемлекеттік кірістер комитеті 9 автомобиль өткізу пунктін жаңғырту және техникалық қайта жарақтандыру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.
«Қазақ-өзбек шекарасындағы «Қазығұрт» және «Атамекен» автомобиль өткізу пунктерінде жаңғырту кезінде, жеке тұлғалардың шекараны кесіп өту кезінде олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және толыққанды бақылау үшін 15 ақпаннан бастап жеке тұлғаларды, жеңіл көліктерді, автобустар мен 3,5 тоннаға дейін жүк көтеретін автокөлік құралдарының өткізілуіне уақытша тыйым салынды» деп хабарлайды комитет.
Осы өткізу пунктері арқылы өткен жеке тұлғалар, жеңіл көліктер, автобустар мен 3,5 тоннаға дейін жүк көтеретін автокөлік құралдары төмендегі өткізу пункттеріне жолданады:
— Б. Қонысбаев (ҚР) – Яллама (ӨР) (жеке тұлғалар, жеңіл автокөліктер, автобустар және 3,5 тоннаға дейін жүк көтеретін автокөлік құралдары);
— Жібек жолы (ҚР) – Гишт куприк (ӨР) (жеке тұлғалар, жеңіл автокөліктер, автобустар);
— Сырдария (ҚР) – Малик (ӨР) және Целинный (ҚР) – Ок олтин (ӨР) өткізу пункттері арқылы (жеңіл автокөлік құралдары, жеке тұлғалар).
Сондықтан, «Атамекен», «Қазығұрт» өткізу пунктерінде жаңғырту аяқталғанға дейін тек жүк көліктері өткізіледі.
Жаңғырту жұмыстары жобамен 2024 жылдың төртінші тоқсанында аяқталады деп жоспарланған.