Биыл жемқорлардан тәркіленген ақшаға 25 мектеп салынады. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Вице — премьер Тамара Дүйсенова айтты, деп хабарлайды Sanur.kz тілшісі.
Вице-премьер Тамара Дүйсенованың сөзінше, мектеп салу үшін қаржы төрт жерден алынады.
«Оның біріншісі — «Жайлы мектеп» атты ұлттық жобасы. Соның аясында 369 мектеп салынғалы отыр.Екіншісі — жемқорлық қылмыстар аясында тәркіленіп, қайтарылған қаражат есебінен былтыр 36 мектеп салынса, биыл тағы 25 мектеп салынбақ.«Ауыл ел бесігі» бағдарламасы және жергілікті бюджеттен 2023 жылы 7 мектеп пайдалануға берілсе, биыл тағы 6 мектеп салынбақ.Белсенділік танытып келе жатқан қосымша бір бағыт — бұл бизнес инвестиция. Былтыр 56 жекеменшік білім ошағы іске қосылды. Жалпы, мұндай жекеменшік мектептердің саны бүгінде 667-ге жетті. Онда 250 мыңнан аса бала тәлім алып отыр.», — деді вице-премьер.
Мектеп салу үшін барлық көздерден бөлінген қаражаттың 2 жылдық сомасы 2,4 трлн теңге болған.