Астана қаласында жүзеге асып жатқан «Jol Tap» жобасы іспетті жұмыспен қамту жобасы еліміздің бірнеше өңірінде қолға алынды. Оның аясында мемлекеттік қолдау шаралары бойынша консультациялар жүргізіледі, сондай-ақ тегін қысқа мерзімді оқыту курстары ұсынылады және жұмыссыздар немесе уақытша жұмыспен қамтылған азаматтар жұмысқа орналастырылады, деп хабарлайды Sanur.kz тілшісі Үкіметке сілтеп.
Жобаның негізгі ерекшелігі – мамандар азаматтардың келуін күтпей, керісінше, сауда орталықтары секілді адам көп жүретін жерлерге шығып, кеңес береді. Бұл бағытта өңірлерде атқарылып жатқан шаралар ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен өткен кеңесте талқыланды.
«Жоба әр өңірдің өз ерекшеліктеріне қарай жүзеге асырылып келеді. Дегенмен, оң тәжірибелермен өзара алмасу қажет деп ойлаймын. Ең негізгі мақсат – азаматтарды жұмыспен қамту. Бұл ретте барлық мүмкіндіктерді пайдалануымыз керек», — деп атап өтті Тамара Дүйсенова.