Бүгін негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеу аяқталады. ҰБТ электронды форматта 43 тестілеу орталығында өтті, деп хабарлайды Sanur.kz тілшісі
Су апатынан зардап шеккен 6 өңірде, атап айтқанда, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында ҰБТ 12 шілдеге дейін ұзартылған болатын. Бұл туралы ОКҚ алаңында ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрайымы Гүлзат Көбенова хабарлады.
«ҰБТ-ның маңызды артықшылықтарының бірі оны тапсыруға екі мүмкіндік беріліп, тестіленуші ең жақсы нәтижені грант иелену үшін конкурсқа жолдай алады», — деді спикер баспасөз конференциясында.
ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрайымы Гүлзат Көбенованың айтуынша, соңғы үш жылдың ішінде алғаш рет 140 балл жинаған талапкер шықты. Бұл Алматы облысы, Талғар ауданы, Қарабұлақ ауылының №22 орта мектебінің түлегі Жаннұр Еңсебек.