Ауа райының нашарлауына байланысты автожолдардың 72 учаскесі жабылды. 40 республикалық және 32 облыстық маңызы бар тасжолда қозғалыс шектелді, сондай-ақ қар құрсауында қалған 725 адам эвакуацияланды.
Жолдарда ТЖ жою жөніндегі республикалық штаб құрылды. Осыған ұқсас штабтар өңірлерде жұмыс істеп жатыр. Блок-бекеттерде 1000 бірліктен астам автокөлік құралдары жиналды. Құтқарылғандардың ішінде 137 бала бар. Сондай-ақ 145 бірлік техника қар құрсауынан шығарылды.
«Халықты эвакуациялау үшін автожолдардың жабық учаскелерінде уақытша жылыту пункттері дайындалды. Эвакуациялау үшін техника дайын тұр. Уақытша жылыту пункттерінде 200 адам, оның ішінде 16 бала бар. Халықты ескерту мақсатында ауа райының нашарлауы туралы 232 СМС-хабарлама, сондай-ақ «Дармен» мобильді қосымшасы арқылы 114 хабарлама жіберілді», делінген министрлік хабарламасында.
Авариялық-құтқару жұмыстарына барлығы 4000-нан астам адам және 1300 бірлік ТЖМ, ІІМ және ЖАО техникасы жұмылдырылды.
Республикалық жедел-құтқару жасағының күшімен Түрген шатқалынан Алматы қаласына 37 машинаны алып жүру жүргізілді. Жол қызметтері жолды тазарту жұмыстарын жалғастырып жатыр.