Skip to content

ҮКІМЕТ БАСШЫСЫ 5G ЕНГІЗУДІ 2027 ЖЫЛҒА ДЕЙІН АЯҚТАУДА ТАПСЫРДЫ

    Үкімет басшысы еліміздегі интернет желісін дамытуды тапсырды. Премьер-Министр Әлихан Смайылов елімізде интернет және байланыс сапасын арттыруға қатысты бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

   «Бағдат Батырбекұлы, сапалы интернет және ұялы байланыспен қамтуға қатысты наразылықтар мен шағымдар туралы жақсы білесіз. Сапалы байланыс қалалық жерлерде де болмай жатады. Қазір бәрін ұялы телефонның көмегімен алуға болады. Кейде интернеттің дұрыс болмауынан мүмкін болмай жатады. Бұл мәселені шешу керек. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша барлық өңір (қала, аудан, ауыл) сапалы ұялы байланыс және интернетпен қамтамасыз етілуі тиіс», — деді Әлихан Смайылов Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында.

  Сондай-ақ, Премьер-Министр республикалық және жергілікті автожолдарды интернетпен қамтуды тапсырды.

  «Министрлік ұялы байланыс пен интернеттің сапасына талдау жүргізу қажет. Соның негізінде тиісті іс-шаралар әзірленіп, ол «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы шеңберінде қабылдануы тиіс. Бүгінде елімізде 5G ұялы байланысын енгізу жұмыстары жүріп жатыр. Бірінші кезекте республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарын қамту жоспарланып отыр. Аталған жұмыс 2027 жылы аяқталуы керек», — дейді ол.

  Үкімет басшысы өңірлерде 3G және 4G байланыс стандарттарын одан әрі дамыту маңызды екенін еске салды.

  Бұған дейін хабарлағанымыздай, өткен жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік қызметтерді электронды түрде алу 92%-ға дейін жетті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *