20-22 наурыз күндері І «KAZAGRO/ KAZFOOD TURKISTAN» халықаралық көрме-жәрмеңкесі өтеді. Наурыз мерекесінде өтетін маңызды іс-шараға Түркия, Ресей, Өзбекстан, Венгрия бастаған жалпы 20-ға жуық мемлекеттен делегациялар келіп қатысады деп жоспарланып отыр.
Сонымен бірге еліміздің барлық өңірінен ауыл шаруашылығы саласының өкілдері, инвесторлары, тауар өндірушілері қатыспақ. Түркістан облысының әкімі аталған көрме-жәрмеңкені ұйымдастыру жұмыстары бойынша жиын өткізіп, дайындық жұмыстарын пысықтады.
25 жылдан бері көрме ұйымдастырумен айналысып келе жатқан маман, «ExpoGroup» компаниясының директоры Шолпан Қожабаеваның айтуынша, ауыл шаруашылығы саласы бойынша кең ауқымды көрмелер Астана және Алматы қалаларында ғана өткізілген. Енді үшінші болып Түркістан шаһарында ұйымдастырылмақ.
Халықаралық көрме аясында Түркістанда өңірлер мен түркі елдерінің қатысуымен іс-шаралар өтеді. Ұлыстың Ұлы күні атап өтіліп, гастрофестиваль, қайықтар және отшашулар шоуы, ұлттық спорт сайыстары, тарихи орындарға саяхаттар ұйымдастырылады. Өнер жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарламалар ұсынылады. Этноқалашықта мазмұнды іс-шаралар өтеді. Агрофорум ұйымдастырылып, шаруа қожалықтарында тәжірибе алмасу турлары да жоспарланған.
Көрмеге әлемнің және көршілес елдердің танымал компаниялары мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері үздік өнімдерін, техникаларын әкеледі деп күтіліп отыр. Сусындар, шырындар, су, шай, кофе, тағамдық қоспалар, тамақ және сусын өндіруге арналған жабдықтар, тоңазытқыш, сауда және қойма жабдықтары, ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтары және олардың қосалқы бөлшектері жеткізіледі. Шағын ауыл шаруашылығы кәсіпорындары, фермерлік шаруашылықтар, саяжай учаскелері үшін механикаландыру құралдары. Суару және дренаж жүйелерін жетілдіру, егінді жинау және сақтау жобалары мен құрылғылары, қайта өңдеу өнеркәсібіне арналған жабдықтар, ұн тарту жабдықтары әкелініп, жылыжай шаруашылығы, өсімдік шаруашылығындағы технологияның экологиялық аспектілері, суару және заманауи тұқым шаруашылығы жүйесі де түсіндірілмек. Осы арқылы ауыл шаруашылығында қайта өңдеу көлемін арттыру, Түркістан облысының ауыл шаруашылығына инвестиция көлемін ұлғайту, өңірде агро және іскерлік туризмдерін дамыту көзделген.