Skip to content

ҚАЗАҚСТАНДА 9 БАЛҒА ДЕЙІН ЖЕТЕТІН ЖЕР СІЛКІНІСІ БОЛУЫ МҮМКІН — СЕЙСМОЛОГ

    ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Сейсмология институты директорының ғылым жөніндегі орынбасары, физика-математика ғылымдарының кандидаты Нұрсәрсен Өзбеков Алматыдағы жер сілкінісіне қатысты болжам айтты деп хабарлайды Sanur.kz.

   Нұрсәрсен Өзбеков Қазақстандағы сейсмикалық қауіпті аймақтарды атады.

«Шығыс Қазақстан облысынан Қызылорда облысына дейін сейсмикалық қауіпті аймақтар бар, ол жерде дүмпулер 7-9 балға дейін жетуі мүмкін. Әсіресе, Алматы өңірі – Орталық Азиядағы қауіпті аймақтардың бірі. Бұрын бұл жерде жойқын жер сілкінісі бірнеше рет болған: 1887 жылы Верный жер сілкінісі және 1911 жылғы Кемин жер сілкінісі», – дейді сейсмолог.

    Айтуынша, қазақстандық сейсмолог ғалымдар ел аумағындағы сейсмикалық қауіп бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр, сейсмикалық жағдайды көрсете отырып, қауіпті, сейсмогендік аймақтар бөлінген жалпы сейсмикалық аудандастыру, аймақтарға бөлу карталарын әзірлеп жатыр. Мысалы, Алматы үшін микрозондтау сейсмокартасы дайындалды.

«Жалпы, кейінгі бес жылда Қазақстанда сейсмикалық құрылғыларда 40 мыңға жуық жер сілкінісі тіркелген. Атап айтар болсам, 2018 жылы – 8500, 2019 жылы – 7800, 2020 жылы – 9500, 2021 жылы – 6700, 2022 жылы – 6900 жер сілкінісі болды. Бұл сейсмикалық фон, геологиялық аймақтың сейсмикалық өмірі. Яғни, бұл жалпы қатты байқалмайтын жер сілкіністері», – дейді Нұрсәрсен Өзбеков.

    Сонымен қатар ол тұрғындар қатты сезген дүмпулердің болғанын да атап өтті. Соңғы бес жылда мұндай 66 жер сілкінісі байқалған. Мәселен, 2022 жылдың 28 желтоқсанында Алматыдан 190 шақырым жерде, Қырғызстан мен Қытай шекарасында болды», – дейді маман.

  Ғалымның сөзінше, сейсмикалық жағдайға баға беру үшін Сейсмология институты әртүрлі мерзім бойынша болжам жасап отырады. Орта және қысқа мерзімді болжам деп екі бөлінеді. Орта мерзімді есеп жылына екі рет жасалады.

«Бізде Алматы полигонының аумағында жер сілкінісінің орта мерзімді болжамы туралы қорытынды әзірленді, ол уәкілетті органдарға берілді. Қорытындыға сәйкес, 2023 жылы Алматыда жеті балдан асатын жойқын жер сілкінісі болмайды. Ғылыми-іздестіру тұрғысынан 200-ден аса болжамды параметрлерді талдау негізінде жасалатын апталық қысқа мерзімді қорытынды дайындады. Соған сәйкес, алдағы аптада жер сілкінбейді», – дейді Нұрсәрсен Өзбеков.

Маман Түркиядағы жер сілкінісіне қатысты ойын да айтты.

«Түркияда ғана емес, дүние жүзінде жер сілкінісін алдын ала болжау қиын. Әсіресе, қысқа мерзімді жер сілкінісін болжау оңай емес, себебі оны ғылыми тұрғыда зерттеу қажет. Болжауға болатын жекелеген жағдайлар ғана бар, мысалы, Қытайдағы жер сілкінісі. Бірақ, тұтастай алғанда, бұл – бүкіл әлемде әлі шешімін таппаған мәселе», – деп атап өтті сарапшы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *