26 елдің 281 командасы 10 күн бойы математика, физика және информатика пәнінен сынға түсті. Қазақстаннан құрамында 250 оқушысы бар 35 команда бақ сынады. Бұл туралы Sanur.kz Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Дәстүрлі халықаралық Жәутіков олимпиадасына Қазақстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Ресей, Грузия, Румыния, Сербия, Украина, Үндістан, Түркия, Ұлыбритания және басқа да елдердің физика-математика бағытындағы мамандандырылған мектептерінен жалпы 1 200-ден аса оқушы қатысты.
Қазақстандық оқушылар ХІХ халықаралық Жәутіков олимпиадасында 66 медаль жеңіп алды, оның ішінде 6 алтын, 20 күміс және 40 қола. Жеңімпаздар еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының атаулы сыйлықтары мен білім гранттарын иеленді.
«Халықаралық Жәутіков олимпиадасы оқушылар арасында танымал бола түсті. Олимпиада кезінде қатысушылар күрделі математикалық есептерді шешеді. Мұндай зияткерлік конкурстар олардың білімін тереңдетіп қана қоймай, балаларды командада жұмыс істеуге, достық қарым-қатынас орнатуға үйретеді», — деп атап өтті РФММ басқарма төрағасы Руслан Қалиев.
Айта кетейік, олимпиада республикалық физика-математика мектебінің базасында өтті.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, ХІХ халықаралық Жәутіков олимпиадасы 1 ақпан күні Алматыда басталған болатын.