Skip to content

ТҮРКИЯДА ЗІЛЗАЛА ҚҰРБАНДАРЫНЫҢ САНЫ 39,6 МЫҢНАН АСТЫ

     Түркияның оңтүстігінде болған жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 39 672-ге жетті. Бұл туралы CNN Türk телеарнасының эфирінде елдің Ішкі істер министрлігінің басшысы Сүлейман Сойлу мәлімдеді, деп хабарлайды Sanur.kz Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.

  Оның айтуынша, табиғат апаты кезінде құлаған 20 мыңнан астам ғимарат орнында іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізілді. Ведомство басшысы іздестіру-құтқару жұмыстарының басым бөлігі аяқталғанын айтты.

  6 ақпанда Кахраманмарашта магнитудасы 7 балдан асатын екі жер сілкінісі болды. Жер сілкінісі елдің 10 провинциясында, сондай-ақ көршілес мемлекеттерде, соның ішінде Сирияда да сезілді.
Президент Режеп Тайып Ердоған табиғи апат құрбандарына байланысты Түркияда жеті күндік ұлттық аза тұту жариялады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанға құрбан болғандарға байланысты көңіл айтты.

  Қазақстан Түркияға шұғыл көмек көрсету үшін бір миллион доллар бөлді. Арнайы екі рейспен 101 адамнан тұратын дәрігерлер мен құтқарушылар тобы жеткізілді. Қазақстандық құтқарушылар үйінді астынан 7 адамды алып шықты.
Сондай-ақ, Қазақстан апат аймағына 160 тоннадан астам гуманитарлық көмек, 28 генератор жіберді.

   Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге қазақстандықтар 3 миллион 600 мың АҚШ долларынан астам қаржы жинады.

   Сондай-ақ, қазақстандықтар киіз үй сатып алуға 20 миллион теңгеден астам қаржы жинаған. 17 млн 300 мың теңгеге 45 киіз үй сатып алынды. Қазақстандық кәсіпкерлер де қол ұшын созып, 50-ге жуық киіз үй сатып алды. Нәтижесінде Түркияға 100-ге жуық киіз үй жіберілді.

  Қазақстандық құтқарушылардың алғашқы эшелоны Түркиядан бүгін, 18 ақпанда оралады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *