Оқу-ағарту министрлігі мен USTEM Robotics қоғамдық қорының қолдауымен 24-26 ақпан аралығында әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында Орталық Азия ойындары өтеді, деп хабарлайды Sanur.kz.
Жеңімпаздар АҚШ-тағы халықаралық кезеңде ел намысын қорғайтын болады.
Чемпионат үш жас санатына орай өтеді: 6-10 жас аралығындағы балаларға арналған FIRST LEGO League Explore, 10-16 жас аралығындағы FIRST LEGO League Challenge және 12-18 жас аралығындағы FIRST Tech Challenge.
Жеңімпаздар Американың Хьюстон қаласында өтетін халықаралық кезеңге жолдама алады.
«Биылғы жарыс энергия тақырыбына арналған. Балалар роботтарды бағдарламалау мен құрастырудан басқа инновациялық жобалармен жұмыс істейді. Өздерінің жергілікті қоғамдастығы ішінде маңызды мәселелерді көтерді. Өткен жылдың соңынан бастап әр топ инстаграмдағы FIRSTKZ2023 хэштегі арқылы тапсырмалар орындады. Балалар түрлі энергетикалық станцияларға барып, репортаж жасап, сарапшылардан сұхбат алды. Оқу орындарында шеберлік сабақ өткізді, дайындық аясында еліміздегі мықты жоғары оқу орындарының студенттерімен тәжірибе бөлісті. Жыл сайын робототехникамен айналысатын балалардың қатары көбейгенін байқауға болады. Бұл ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауының нәтижесі»,- деді USTEM Robotics қорының жетекшісі Асылбек Мурзахметов.
Естеріңізге сала кетсек, FIRST Robotics дүниежүзілік қозғалысының іріктеу кезеңі Астана, Алматы, Шымкент және Орал қалаларында өтті. Оған 2 мығнан астам оқушы қатысты.
Соңғы 3 жылда Қазақстанда 3 мыңнан астам робототехника кабинеті ашылып, 2 мыңнан астам мұғалім робототехника курстарынан өтті. 2022 жылдың қазан айында біздің оқушылар Женевада өткен FIRST GLOBAL CHALLENGE Дүниежүзілік жарысында жеңіске жетті. Кейін Шымкент қаласының оқушылары Дортмунда өткен робототехника бойынша Халықаралық Олимпиадада алғаш рет екінші орын иеленді.