«Amanat» партиясы Жетісай аудандық филиалының ғимаратында аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдап, мәселелерін тыңдады, деп хабарлайды Sanur.kz тілшісі.
Жеке қабылдауға аудан басшысымен қатар «Amanat» партиясы Жетісай аудандық филиалының төрағасы Әділхан Асауов пен аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, аудандық мәслихат депутаттары мен дербес бөлім басшылары, қала, кент, ауылдық округ әкімдері мен тиісті сала мамандары қатысты.
Қабылдауға келген азаматтар, тұрғын үй алу және оның кезегі, әлеуметтік көмек, Жетісай қаласындағы көше қиылыстарына қажетті жол белгілері мен жасанды жол кедергілерін орнату, көшелерді жарықтандыру және күрделі жөндеуден өткізу, елді мекендерде күзгі және көктемгі жауын-шашын мен қысқы қар еру салдарынан орын алуы мүмкін су басу қауіпінің алдын алу бойынша өтініштерін айтып келді.
Аудан басшысы әлеуметтік көмек, тұрғын үй алу және оның кезегі бойынша өтініш иелеріне заң аясында кеңестер беріп, оң шешімін табуына ықпал жасайтындығын жеткізді.
Көше қиылыстарына қажетті жол белгілері мен жасанды жол кедергілерін орнату, ауыз су, табиғи газбен қамтамасыз ету, су басуының алдын алу мақсатында қашыртқылар қазу бойынша қазіргі таңда аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі мен жергілікті әкімдіктер тарапынан тиісті жұмыстар жүргізілуде. Көшелерді жарықтандыру және күрделі жөндеуден өткізу ауыз су құбырларын жүргізіп болған соң кезең-кезеңімен жасалады.
Серік Үсенұлы азаматтар көтерген шағым, өтініштер бойынша көп күттірмей, заң аясында жұмыс істелетіндігін жеткізді. Аудан басшысы жауапты сала мамандарына тұрғындардың өтініштерін қанағаттандыруды тапсырды.
Жеке қабылдауға келген тұрғындар, көтерілген мәселелер белгіленген уақыт шеңберінде оң шешімін табатындығына сенім білдірді.