Skip to content

АУДАН ӘКІМІ 5 ЖЫЛДА АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАР ЖӨНІНДЕ ЖУРНАЛИСТЕРГЕ БРИФИНГ ӨТКІЗДІ

    Биыл Мақтаарал ауданының қайта құрылғанына 5 жыл толып отыр. Осыған орай аудан әкімі Бақыт Асанов БАҚ өкілдері мен әлеуметтік желі белсенділеріне арнайы брифинг өткізді, деп хабарлайды Sanur.kz тілшісі.
 
Жалпы 5 жылдың ішінде ауданымызда жалпы өңірлік өнім көлемі 62 миллиардтан 116 миллиардқа артқан. Сол секілді өнеркәсіп өнімінің көлемі 7 миллиардтан 16 миллиардқа, ауыл шаруашылығы өнімі көлемі 42 миллиардтан 80 миллиардқа, бөлшек сауда көлемі 2,7 миллиардтан 4,5 миллиардқа, құрылыс 2,9 миллиардан 9,7 миллиардқа артқан. Жалпы барлық салада үлкен көлемде өсім болғаны байқалады.
 
2018 жылы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 22,3 пайызды құрайтын немесе 115 шақырым жолдар асфальтталған болатын. Биыл бұл көрсеткіш 78,5 пайызға жетіп, яғни асфальтталған жолдардың ұзындығы 435 шақырымды құрады. Жалпы 433 ішкі көшеге асфальт түскен. Оның ішінде “Ауыл – Ел бесігі” бағдарламасы аясында 5 жылда 117 көшеге 3 миллиард теңгеге жуық қаржыға орта жөндеу жұмыстары жүргізілді.
 
2018 жылы орталықтандырылған ауыз сумен тұрғындардың 81,2 пайызы қамтылған болатын, соңғы 5 жылда бұл көрсеткіш 99,9 пайызды құрады.
 
Бүгінгі таңда табиғи газға 18 мың 477 абонент қосылған, қамту деңгейі 52,1 пайызды құрап отыр. Жаңажол және Ж.Нұрлыбаев ауылдық округтеріне қарасты 12 елдімекенге жалпы 2 миллиард теңгеге жуық қаржыға жеткізуші газ құбырының құрылысы 2021 жылы басталып, ағымдағы жылы аяқтау жоспарлануда.
Қ
олданыстағы автоматты газ тарту станциясының қуаттылығы толығымен пайдалануда. Осыған байланысты, қосымша қуаттылығы сағатына 50 мың текше метрді құрайтын “Мақтаарал” автоматты газ тарату станциясының құрылыс жұмыстары жүргізіліп (1,3 миллиард теңге), ағымдағы жылы пайдалануға беру жоспарланған. Сондай-ақ, Иіржар округіне қарасты 9 елдімекенді табиғи газбен қамтамасыз ету бойынша құрылыс жұмыстары жүргізіліп, аяқталады. Бұл қосымша 1 616 абонентті қосуға мүмкіндік береді және ауданымыздың газбен қамту деңгейі 65,2 пайызға артады.
 
2018-2023 жылдары аралығында 17 мемлекеттік мектептің жаңа ғимараты салынып, пайдалануға берілді. Биыл Еркінабад, Азамат, Өркениет және Нұрлыжол елдімекендерінен 200 орындық 4 мектептің құрылысы жүруде. Сонымен қатар, “Жайлы мектеп” пилоттық ұлттық жобасы аясында 5 мектептің құрылысы жоспарланып, 2 мектептің құрылыс жұмыстары басталды.
 
Спорт саласын ары қарай дамыту мақсатында 2019-2023 жылдар аралығында аудан аумағында 12 кіші футбол алаңшалары салынды. Одан бөлек, Мырзакент кентінде үлкен спорт сарайы пайдалануға берілсе, Атакентте спорт кешенінің құрылысы басталды.
 
Нәтижесінде, спорт саласында аудан спортшылары 5 жыл ішінде көптеген жетістіктерге жеткен. Атап айтқанда, ауданымыздан көптеген Әлем және Азия чемпиондары шықты. Сонымен қатар, еліміздің Премьер-Лига ойындарында “Мақтаарал” футбол клубымыз тұңғыш рет ауданның атынан шыққан команда ретінде тарихта қалды.
 
Жергілікті әкімдердің алдында тұрған басты міндет – жаңа кәсіпорындарды ашу, жаңа жұмыс орындарын құру. 5 жыл ішінде ауданымызда 12 инвестициялық жоба іске қосылып, 400-ге жуық тұрақты жаңа жұмыс орындары ашылды. Жалпы тартылған инвестициялар көлемі 100 миллиард теңгеден асты.
 
Осы жылдың шілде айында аудан әкімі Бақыт Асанов облыстық делегациямен Қытай Халық Республикасына және көршіміз Өзбекстан Республикасына барып келді. Іс-сапарлардың басты мақсаты – экономикалық дамуы бойынша тәжірибе алмасып, аудан аумағында зауыт-фабрикалар ашу, халықтың әл-ауқатын арттыру.
 
Іс-сапардың нәтижесінде, Мақтаарал ауданынан жеке кәсіпкер Боев Қабыл Қытайлық кәсіпкерлермен 3 миллиард теңгені құрайтын келісім-шартқа қол қойып, жылдық қуаттылығы 60 мың тоннаны құрайтын мақта талшығын өңдейтін зауыттың құрылыс жұмыстарын бастап кетті. Кәсіпорын іске қосылғанда 50 тұрақты жұмыс орны ашылатын болады.
 
Жалпы 5 жыл ішінде тозып кеткен Мырзакент кенті адам танымастай өзгерді. Бүгінде аудан орталығындағы ескірген нысандардың барлығы жаңарып, көшелерінің барлығы дерлік асфальттенді. Ағаштар егіліп, жарқырата жарықшамдар орнатылды. Субұрқақтар атқылап, гүлдер жайқалды. Мырзалардың мекені деп атала бастаған Мырзакент қай жағынан алса да дамып, көркі көз тоймайтын деңгейге жетті.
 
Мырзакентте үлкен құрылыс нысандары бой көтерді. Аудан әкімі аппаратының ғимараты, Мырзакент емханасы, Жастар гүлзары, Қ.Мұңайтпасов атындағы орталық стадион, Орталық кітапхана, аудандық мәслихат аппаратының ғимараты, Даңқ аллеясы, 1500 орындық жаңа мектеп, 280 орындық балабақша, спорт сарайы, дербес бөлімдерге арналған әкімшілік ғимараты ел игілігіне берілді. Сонымен қатар, орталық саябақтың, аудандық прокуратура ғимаратының құрылысы жүріп жатыр. Кентте көптеген кәсіпкерлік нысандары ашылып, ескілері жаңара түсті.
 
Аудан әкімінің баяндамасынан соң журналистер көкейде жүрген сұрақтарын қойып, қанағаттанарлық жауаптар алды.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *