Жетісай ауданында игерілмей жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда, деп хабарлайды Sanur.kz ақпарат агенттігі.
Аудан әкімінің 27.03.2023 жылғы №26 санды өкімі негізінде аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің жер қатынастары секторы тарапынан арнайы жұмысшы тобы құрылып, ауыл шаруашылығы мақсатындағы игерілмей жатқан жер учаскелеріне түгендеу жүргізілген.
Нәтижесінде, ауылшаруашылық мақсатындағы игерілмеген жер учаскелерінің көлемі 351,57 га құрап, жер иелеріне Түркістан облысының жер ресурстарының басқару департаменті тарапынан тексеру тағайындау хабарламалары берілген. Соның ішінде 6 гектар жер игерілсе, 4 тұлға игерілмей жатқан 15,42 гектар жерді ерікті түрде мемлекетке қайтарған.
Бүгінде 53 жер пайдаланушыларға тиесілі жалпы ауданы 330,2 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы игерілмеген жер телімдерін мемлекетке қайтару бойынша тиісті шаралар қабылдануда.
Жұмысшы топ өкілдерінің мәліметінше, игерілмеген ауыл шаруашылығы жерлері бойынша көшті Қызылқұм ауылдық округі бастап тұр. Мұнда 20 тұлғаға тиесілі 116,8 га жер учаскесі игерусіз болса, Жылы су ауылдық округінде 14 азаматтың 99 га жері қараусыз қалған. Алғашқы үштікті 11 тұлғаның 69,4 га жері игерілмеген Мақталы ауылдық округі түйіндесе, Қарақай ауылдық округінде 26,4 га, Атамекен ауылдық округінде 16 га, Жаңа ауыл ауылдық округінде 14 га, Ынтымақ ауылдық округінде 6 га және Қазыбек би ауылдық округінде 4 га жер көп жылдардан бері игерілмеген.
Одан бөлек, аудандағы қала, кент, ауылдық округтердегі заңсыз құрылыстарды жою бойынша анықтау, зерделеу жұмыстары жүргізіліп, құжаттары толық алынбаған немесе дұрыс емес және өз мақсатына сай пайдаланылмаған нысандар анықталып, Түркістан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына және Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаментіне өз құзыреті шегінде шара көру үшін жолданған.