Skip to content

МИНИСТР ҚАЗАҚСТАНҒА ТАЛҚЫҒА ТҮСКЕН ХИДЖАБ МӘСЕЛЕСІНЕ ҚАТЫСТЫ МӘЛІМДЕМЕ ЖАСАДЫ

   Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ел ішінде талқыға түскен хиджаб мәселесіне қатысты сұраққа жауап берді. Бұл туралы Sanur.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Оның айтуынша кейбір діни киімдерге ғана шектеу қойылады. Бірақ бұл қадамның хиджабқа мүлдем қатысы жоқ. 

“Қазір көбісі хиджабқа тыйым салады деп айтуда. Әңгіме никаб, паранджа сияқты адам бетін толық тұмшалап, оның кім екенін анықтауға мүмкіндік бермейтін киімдер жайлы болып тұр. Бұл өзін өркениетті санайтын барлық елде бар ереже, себебі мәселе қауіпсіздікке тіреледі.

Сондай-ақ, мемлекет ешқашан зайырлылық жолдан да, діни наным-сенім бостандығынан да бас тартпайды. Өйткені, бұл Атазаңда тайға таңба басқандай жазылған қағида. Осыны қоғамға жеткізу қажет деп ойлаймын. Өйткені халықтың біраз бөлігі қобалжып, ресми өтініштер жазып, петицияларға қол қоя бастады”, – деді министр. 

Сонымен қатар Балаева министрліктің дін саласындағы уәкілетті орган ретінде үкіметке мәжіліс депутаттарынан, сенат депутатынан келіп түскен өтініштерді жан-жақты зерттейтінін айтты. 

Осы мәселелердің барлығы талқыланады. Министрлікте қоғамдық, сараптамалық кеңестер бар. Сондықтан заңнамалық өзгерістерді талап ететін барлық мәселелер жай ғана себепсіз қабылданбайды. Алдымен сарапшылар мен қоғам арасында пікірталас болады, содан кейін ғана нақты шаралар қолға алынады. Одан басқа, қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау үшін қажетті шараларды қабылдау – уақыт талабы. Біздің басты басымдықтарымыз қашанда ел бірлігі мен тұрақты даму болды. Және бұл басымдықтар күн сайын жаңартылып отырады. Сондықтан ел қауіпсіздігіне мемлекет қана емес, әрбір адам жауапты екенін түсінуіңіз өте маңызды. Сондықтан, мен баршаларыңызды арандатушылық пиғылдағы әңгімені доғарып, бұл тақырыпқа байыппен қарауға шақырамын”, – деді Аида Балаева.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *