Skip to content

ҚАЗАҚСТАНДА ҚЫЗЫЛШАҒА ҚАРСЫ ЖОСПАРЛЫ ЖӘНЕ ҚОСЫМША ВАКЦИНАЦИЯЛАУ ЖАЛҒАСУДА – ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ

       Елімізде қызылшамен сырқаттанушылықтың күрт өсуі вакцинацияланбаған балалардың есебінен қалыптасады, олардың үлесі 84%-ды немесе ауырған балалардың санынан 9 216 жағдайды құрады, деп хабарлады бүгін ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Зәуре Ахметова ОКҚ-да өткен сараптамалық брифингте. Бұл туралы Sanur.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

2023 жылдың басынан бері ҚР-да қызылшаның 13 103 жағдайы тіркелді, оның ішінде 83% (10864) – 14 жасқа дейінгі балалардың арасында, 2,9% (385) – жасөспірімдер, 14,1% (1854) – ересектер. Қызылша аурулары барлық өңірлерде тіркелді, жоғары деңгей Шымкент қаласында – 2 283 жағдай, Алматы қаласында – 2 217 жағдай, Жамбыл облысында – 1 605 жағдай, Алматы облысында – 1215 жағдай, Атырау облысында – 940 жағдай байқалады. 

Бүгінгі таңда ҚР бойынша 727 мектепте қызылшаның 1444 жағдайы тіркелген. Бұл ретте, алғашқы 72 сағаттың ішінде эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша 2565 байланыста болған адам егілді, сонымен бірге 1552 ата-ана өз балаларын вакцинациялаудан бас тартты, 538 баланың медициналық қарсы көрсетілімі бар.

Сондай-ақ, 1083 мектепке дейінгі балалар мекемесінде 1690 жағдай тіркелді, ошақтарда эпидемиялық көрсетілімдер бойынша 1469 байланыста болған адам вакцинациялаумен қамтылды, 1,5 мың бала вакцинациялаудан бас тарту себебінен вакцинацияланбаған, 936 баланың медициналық қарсы көрсетілімі бар.

Ошақтарда шұғыл вакцинациялау вакцинацияланбаған адамдарды инфекциядан уақтылы қорғау және инфекцияның одан әрі таралуын болдырмау мақсатында қызылшамен соңғы байланыста болған сәттен бастап алғашқы 72 сағаттың  ішінде жүргізілетінін атап өткен жөн.

Өкінішке орай, қазіргі уақытта балалардың ата-аналарының арасында да, қызылшамен ауыратын 30 жасқа дейінгі адамдардың арасында да эпидемиялық көрсетімдер бойынша вакцинациялаудан бас тартуды тіркеу орын алуда. Бұл үрдіс қызылшамен ауырғандардың арасында да байқалады, сондықтан 60%-да жұқтырған балалар вакцинациялаудан бас тартуға байланысты жоспарлы түрде вакцинацияланбаған, 18%-да – медициналық қарсы көрсетілім бойынша, 22%-да – егу жасына жетпеген. 

 Қызылша бойынша жағдайды тұрақтандыру мақсатында мынадай профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізіледі:

– қызылшаға қарсы жоспарлы вакцинациялау және 30 жасқа дейін (8,5 мың адам) вакцинацияланбаған байланыста болған адамдардың ошақтарында вакцинациялау жалғасуда;

– 18 жасқа дейінгі балаларды вакцинациялау (57,4 мыңнан астам бала егілді);

– балаларды екпелермен кемінде 90% қамтудың шекті деңгейін ескере отырып, мектепке дейінгі балалар мекемелеріне жіберу бойынша мониторинг;

– денсаулық сақтаудың барлық деңгейлерінде халықпен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

СЭБК деректері бойынша, ағымдағы эпидемиологиялық жағдай 5 жасқа дейінгі балалардың арасында қызылша жағдайларының басым тіркелуімен сипатталады, бұл қызылша жағдайларының 65%-дан астамын құрайды. 

6 қарашадан бастап республика бойынша қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы вакцинаның қолда бар көлемін қолдана отырып, 6 айдан 10 ай 29 күнге дейінгі балаларды қосымша иммундау басталды. Ағымдағы жылдың желтоқсан айынан бастап 2 жастан 4 жасқа дейінгі балаларды қосымша жаппай иммундауды жандандыру және 6 айға толған балаларды қосымша иммундауды одан әрі жалғастыру жоспарлануда.

Ағымдағы жылдың қазан айының соңында республикада қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы вакцинаның 370 мыңға жуық дозасы бар екенін айта кету керек.  Вакцинациялау үшін «Serum Institute of India» шығарған қызылшаға, қызамыққа және паротитке (ҚҚП) қарсы аралас вакцина қолданылады. Бұл вакцина өндірісінің ДДҰ алдын ала біліктілігі бар, ол өндірілетін вакциналардың сапасы мен қауіпсіздігіне кепілдік береді.

«Қызылшаға қарсы вакцина 60 жыл бойы қолданылып келеді және аурудың таралуын тоқтату үшін ұсынылады», – деп атап өтті Комитет төрағасының орынбасары.

Қызылша бойынша ағымдағы эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, ағымдағы айдың екінші жартысында жеткізілуі күтілетін 500 мың доза көлемінде қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы вакцинаның қосымша көлемі сатып алынды. Бұл вакцина тиісті контингенттердің ҚЖИ-ын белсенді жалғастыруға мүмкіндік береді.

 Өз сөзінің соңында З. Ахметова қызылшамен сырқаттанушылық профилактикасының бірден-бір тиімді әдісі вакцинациялау екенін тағы да атап өтті және ата-аналарды балаларды қызылшаға қарсы уақтылы вакцинациялауға, сондай-ақ 6-10 айлық және 2-5 жас аралығындағы балаларға қосымша иммундау алуға шақырды.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *