Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалдының өңірге инвестиция тарту бойынша жүктеген тапсырмасы аясында аудан, қалаларда жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Осы орайда, Ордабасы ауданында инвестициялық штабтың кезекті отырысы өтті. Басқосуға бөлім басшылары және ауылдық округ әкімдері, жеке кәсіпкерлер мен инвесторлар қатысты. Онда аудандағы өнідірістік орындардың қазіргі жағдайы, ондағы инфрақұрылым мәселесі қаралды. Ордабасының өндірісітік брендін қалыптастыру, дамыту және жаңа жобалар мен олардың өзекті мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Sanur.kz.
Жиында аудан әкімі Азат Оралбаев «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізіне іргелес 10 гектар аумақтан өз кәсібін ашуға ниетті аудан кәсіпкерлерімен пікірлесіп, әкімдік тарапынан көрсетілетін қолдау туралы айтып өтті.
– Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының ұйымдастыруымен Қытайға сапарымызда ондағы аудан-қалалар іргесінде шоғырланған шағын өндіріс ошақтарымен танысқан болатынбыз. Сол жобаны ауданымыздың шарт-жағдайына сәйкес жүзеге асыру үшін Шұбар ауылдық округі аумағынан 10 гектар аумақты арнайы өндіріс аймағы ретінде белгіледік. Ендігі мақсат – өндіріспен айналысуға қажетті жобасы мен қаржысы бар азаматтарға сол аумақтан тегін жер телімін беру арқылы жергілікті тауар өндірушілердің қатарын көбейтіп, жұмыссыздық деңгейін төмендету, – деді аудан әкімі.
Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Фатима Ташимова 10 гектар алқапты құрайтын арнайы өндіріс аймағында кәсіп бастауға ниетті азаматтардың жобаларымен таныстырды. Салалық бөлім басшысының хабарлауынша, қазіргі таңда ауылдық округтерден 18 өтінім келіп түскен. Жобалардың басым бөлігінде құрылыс өнімдері, тамақ өндірісі, тұрмыстық химия саласына басымдық берілген. Кездесу барысында қатысушылар тарапынан бизнес жоба болғанымен, қаржылық қуаты өндіріс орнын дөңгелетіп алып кетуге қауқарсыз екендігі де айтылды.
Аудан әкімі Кәсіпкерлік бөліміне алдағы уақытта ауданның барлық кәсіпкерлерінің басын қосып, бизнес саласындағы мәселелерді кең ауқымда бірлесіп талқылайтын ашық платформа ұйымдастыруды жүктеді. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытында жұмыстарды жандандыруды тапсырды. Өз кәсібін ашуға ниетті азаматтарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі.