Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов және «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Ербол Өстеміровпен кездесті. Кездесуде өңірде кәсіпкерлікті дамыту, қолдау көрсету және өзге де мәселелер талқыланды. Өңір басшысы кәсіпорындар мен жаңа жұмыс орындарын ашу басым бағыт екеніне тоқталды.
Рустам Жүрсінов барлық өңірді аралап келе жатқанын айта келе Түркістанда шағын кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік мол екенін атап өтті. Ол өз сөзінде «Түркістан өңірінің басты байлығы – адами капитал. Жұмыс күші жеткілікті. Қиындықтар бар екенін де білеміз. Бүгін кәсіпкерлермен кездесіп, олардың мәселелерін, өтініштерін тыңдадық. Өңірдегі кәсіпкерлік палаталары әкімдіктермен бірге кәсіпкерлікті дамыту жұмысына атсалысады. Біздің мақсатымыз – кәсіпкерлікті дамыту, халықтың әл-ауқатын арттыру», – деді. Бүгінгі таңда облыста 170 мыңнан астам мың шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істеп тұр. Биыл олардың саны 26,5 мыңға артты. Тұрғындарды кәсіпкерлікке баулу, несиелендіру жұмыстары жалғасып жатыр. Осы орайда, өңір басшысы Дархан Сатыбалды «Аймақта өндіріс орындарын ашу, кәсіпкерлікті өркендету жолдарын қарастырып жатырмыз. Индустриалды аймақтардың инфрақұрылым мәселесі де зерделенуде. Өңірде ірі зауыттар аз. Инвесторлар тарту бойынша жұмыстар қолға алынды. Қазір жастарды еңбекке тарту, оларды ынталандыру бағытындағы жобаларды күшейткен жөн. Бұл ретте «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесе жұмыс атқаруға дайынбыз, – деді.