Skip to content

АУДАНДА АЛҒЫС АЙТУ КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ

      Алғыс айту күні – бұл Тәуелсіз Қазақстанды құру жолында еңбек еткен еліміздің барлық азаматтарының бір-біріне құрмет білдіретін күні. Бұл туралы Sanur.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
 
Бұл тағдыр тоғыстырған Қазастанның көп этносты халқының ортақ тарихын құрметтеу күні.
Бүгінгі таңда егемен еліміздегі түрлі ұлттар мен ұлыс өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынас, мейірбандық дәстүрлерінің жалғасын тауып, бірлігіміздің өнегелі өлшеміне айналған айтулы күнді Жетісай ауданы да жоғары деңгейде атап өтті.
 
Жалпыұлттық патриоттық идеяларды насихаттап, мемлекеттік тұтастығын нығайта түсу мақсатында аудандық мәдениет үйінде өткен салтанатты жиынға аудан әкімінің орынбасары Марат Айнабеков пен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтбай Махамбет пен этно-мәдени бірлестік өкілдері қатысты.
 
Этно-мәдени орталықтардың ұлттық тағамдары мен қолөнер бұйымдарының көрмесінен бастау алған салтанатты шарада аудан әкімінің орынбасары Марат Фаритұлы аудан тұрғындарын «Алғыс айту күні» мерекесімен құттықтап, айтулы күннің жақсылықты бағалай білуге, әр іске жақсылықпен жауап қайтаруға, өзара сыйластық пен құрметке бастайтынын, кең пейілді қазақ халқының қашанда игі істерге ризашылығын білдіріп, алғыс айтып отыратынын, осындай құндылықтардың қадіріне жете білген елдің қашанда келешегі кемел боларын айтты.
 
Мерекеге қатысқан этно-мәдени бірлестік өкілдері мемлекетте жүргізіліп отырған салиқалы саясаттың арқасында кезінде тағдыр тәлкегімен елге келген өзге ұлттар мен ұлыс өкілдерін кең құшағын жайып қарсы алып, бір үйдің баласындай жанашырлық танытқан қазақ халқына шынайы алғыстарын білдірді.
 
Жасампаз еліміз әлемдік аренада бейбітшілік пен тұрақтылықтың, татулық пен тұтастықтың үлгісі бола білді. Көпэтносты халықтың ортақ меркесін жоғары етіп атап өтуге аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары мен арнайы шақыртылған қонақтар өз үлестерін қосып, жиылған көпшілікке рухани демалыс сыйлады. Патриоттық әндер шырқалды.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *