Түркістан облысы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының таралуына қолайлы өңір. Өйткені өңір климаты ыстық болғандықтан өзге аймақтарға қарағанда көктемнің ерте келуімен жәндіктер де жер бетіне ерте шығады. Сонымен қатар, облыста мал шаруашылығы дамыған. 2023 жылы Түркістан облысында кене шағудың 1 623 жағдайы тіркеліп, 13 адамның ауруы зертханалық расталған. Оның ішінде 1 науқас көрсетілген ем-шараларға қарамастан қайтыс болды. Кене шаққан науқас дер кезінде медициналық көмекке жүгінбесе, өлім жағдайына әкелуі мүмкін. Бұл жайында облыстық санитарлық-эпидемиологиялық департаменті басшысының орынбасары Бахтыораз Мизамұлы мәлім етті.
Облыста наурыз-сәуір айларынан бастап облыста кенелерге қарсы дәрілеу шаралары басталады.
«Өңірдегі 2 қала, 14 аудандағы 108 елдімекен аумағында кенеге қарсы дәрілеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Өңдеу жұмыстарының жалпы көлемі – 7 730,48 гектар. Кенеге қарсы залалсыздандыру іс-шараларына 9 автокөлік, 22 моторлы шашыратқыш аппарат, 16 дезбригада жұмылдырылады», – деді «Түркістан облысы бойынша дезинфекция орталығының» басшысы Қасымбек Исабекұлы.
Сондай-ақ, брифингке қатысқан Түркістан облыстық Ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Тоқсейіт Артықбайұлы көктем және күз мезгілдерінде кенеге қарсы төрт түлік малдарды, қора-қопсыларды дезинсекциялау шаралары жүргізілетіндігін атап өтті. Спикерлер Конго-Қырым геморрагиялық қызбасынан қайғылы жағдайларға жол бермес үшін табиғатқа демалысқа шыққанда, малдарды күтіп қарағанда, қырқым кездерінде кененің шағуынан сақ болуға шақырды.