Skip to content

ІСМЕР БҰРЫМДЫЛАРДЫҢ БАЙҚАУЫ ӨТТІ

        14 наурызда еліміз Наурыз мейрамының басы «Көрісу күні» мерекесін атап өтеді. Бұл күнді «Амал мерекесі» деп те атайды. Халық қыстан аман-есен шыққанына, көктемге аяқ басып, туыс-туған, көрші-колаңмен жүздескеніне қуанып, қол алысып, төс қағысады. Бір-біріне деген араздық, өкпе-ренішті ұмытып, амандық тілейді. Бұл туралы Sanur.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
 
Аталмыш мереке аясында аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен «Жетісай» мәдениет үйінде аудан қолөнершілерінің ұлттық киімдер байқауы ұйымдастырылды.
 
Аудан тумалары мен мұраларын танымал ету жөніндегі жобаларды іске асыруға, ұлттық бірегейлікті қалыптастыру, ұлттың мәдени кодын сақтау мақсатында ұйымдастырылған шараға аудан басшысы Серік Үсенұлы Мамытов арнайы қатысып, көпшілікті айтулы мерекемен құттықтады. Дендеріне саулық, істеріне табыс тіледі.
 
«Қыз-келіншектеріміз өз кәсібін ашып, өркендетіп отырған негізгі салалардың бірі – тігін өнеркәсібі. Алтын саусақты аруларымыздың шеберлігімен ұлттық қолөнеріміз жаңғырып отыр. Асыл тастан сән бұйымын паш еткен, қазақ ұлттық киімдерінің етек-жеңіне оқа тігіп, кимешектің өңіріне, жақтауына кесте жүргізіп, сүйек пен мүйізді қиыстырған халық шеберлерінің ісі – мақтауға тұрарлық өнер туындысы.
 
Айтулы мереке баршаңызға құтты болсын! Отбасыларыңызға береке, елімізге ынтымақ пен бірлік тілеймін!» деді аудан басшысы.
 
Айта кетейік, аудан басшысының тікелей бастамасымен өңірде отбасы рөлін арттыруға және отбасылық құндылықтарды нығайтуға ықпал ететін түрлі акциялар, спорттық іс-шаралар үздіксіз өткізіліп келеді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *