Түркістан облысының «Ашық әкімдік» кеңсесінде бекітілген кестеге сай облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов жеке қабылдау өткізді. Келген азаматтар өздерін алаңдатқан мәселелерге шағымданды. Бұл туралы Sanur.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тұрғындардың басым бөлігі тұрғын үй алу бойынша көмек беруін сұрады. Алайда тұрғын үй кезегінің келмеуіне байланысты заң аясында түсіндірме жұмыстар жүргізіліп, мемлекет тарапынан көрсетілетін басқа да қызметтер ұсынылды. Яғни мұқтаж отбасыларға тұрғын үй жалдау ақысының 50 пайызын өтеу үшін «Отбасы банкке» өтінім жолдай алады.
Түркістандық тұрғын «Жаңа қала» мөлтекауданында орналасқан тұрғын үйлердегі кемшіліктерді айтты. Бұл мәселе облыстық бақылау жөніндегі басқармаға тапсырылған. Орын алған кемшіліктерді жоюға мерзімдері көрсетіле отырып нұсқама беріледі.
Тағы бір түркістандық тұрғын «Отырар» мөлтекауданындағы жылуға қатысты шағымданып, аула жарықшамдарының жанбай тұрғанын айтты. Жылу маусымы басталғанға дейін бұл мөлтекаудандағы №10 әлеуметтік үйдің пәтерлік ысырмалары ауыстырылған. Сол уақыттарда жылу беру уақытша тоқтатылған.
Тұрғынның өтінішіне сәйкес жылу пайдаланбаған күндердің ақысы қайта есептеліп, шегерілген. Сондай-ақ бұл көпқабатты тұрғын үйлердің ауласындағы жарықшамдардың жанбай тұрған бөліктерін қосу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда зақымданған кабельдері анықталуда. Наурыз айының соңына дейін іске қосу жұмыстары жүрізіледі.
Жетісай ауданының тұрғыны Ж.Ералиев ауылдық округі Абай елдімекенін газбен қамту бойынша ұсыныстарын жеткізді. Бұл мәселе бойынша жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленген. Жұмыс жобасының құрылысына қаржы бөлдіру үшін облыстық салалық басқармаға құжаттар ұсынылған. Қаржысы қаралған соң жұмыстар басталады.
Азаматтардың өтініштерін тыңдаған Зұлпыхар Сансызбайұлы тиісті сала өкілдеріне тапсырма беріп, мәселелердің заң аясында шешілуін жеке бақылауына алатынын жеткізді. Барлық мәселе зерделеніп, жұмыстар жүргізіледі.