Түркістанда волейболдан әйелдер командалары арасында ҚР ХХХІІ чемпионатының плей-офф ойындары өтіп жатыр. Волейбол бәсекесіне елімізден 8 команда қатысып, өзара мықтыларын анықтауда. Алғашқы үздік 4 команда арасындағы 1/4 финалдық ойындары аяқталды. Бұл туралы Sanur.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Екі жеңіске дейін ойнаған командалар арасындағы бәсеке өте тартысқа толы болды. Алаң иелері «Тұран» командасы мен Петропавлдың «Қуаныш» арулары арасындағы ойында сенсациялық нәтиже тіркелді. Финалға жолдама алу үшін барын салған командалар арасындағы кездесуде тұрандықтар қарсыласын тізе бүктірді. Түркістан волейболшылары шаршы алаңдағы тамаша ойын-өрнектерімен өз жанкүйерлеріне ғаламат қуаныш сыйлады.
Бұл сында ақтық сынға тағы бір жолдаманы сарапқа салған «Жетісу» командасы мен Өскеменнің «Берел» командалары арасындағы ойында өскемендік команда финалға жолдама алды.
Енді алтын жүлде үшін «Тұран» мен «Берел» таласса, чемпионаттың қола жүлдесі үшін «Қуаныш» пен «Жетісу» командалары өзара бақ сынайды.