Skip to content

НӘРЕСТЕ САУДАЛАУ, ҚАЙЫР СҰРАУ. ҚАЗАҚСТАН АДАМ САУДАСЫМЕН ҚАЛАЙ КҮРЕСПЕК

        Мәжілістің жалпы отырысында Ішкі істер министрі Ержан Саденов «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасын таныстырды, деп хабарлайды Sanur.kz.

Министрдің сөзінше, жоба ұлттық заңнаманы халықаралық стандарттарға және Біріккен Ұлттар Ұйымының Палерма хаттамасына сәйкестендіруге бағытталған.

Заң жобасына “адам саудасының құрбаны”, “адам саудасының ықтимал құрбаны”, “осал жағдай” және “адам саудасына қарсы іс-қимыл субъектілері” сияқты бірқатар жаңа ұғым енгізіледі. Бұл заң жобасының ерекшелігі – осы саладағы кешенді және жүйелі профилактика тетіктерінің қалыптасуы, — деп айтты Ержан Саденов отырыста.

Заң жобасы 4 негізгі бағыттан тұрады:

Біріншісі – серіктестік.

Осы саладағы адам саудасына қарсы іс-қимыл барлық субъектілерінің өзара әрекеттесу қағидаларын реттейді. Нәтижесінде уәкілетті және мемлекеттік органдар, әкімдіктер, үкіметтік емес ұйымдар, жұмысқа тұрғызу агенттіктері, туристік фирмалар және шетелдік құзыретті органдар адам саудасына қатысты қылмыстардың алдын алу бойынша кешенді жұмысты бірге атқарады, — деп түсіндірді министр.

Екінші бағыт – профилактика.

Яғни қылмыстардың себептері мен жағдайларын анықтап, оларды жою шараларын қабылдау. Ол үшін заң жобасында адам саудасы тәуекелдерін зерделеу және оларға баға беру, таралу масштабы мен себептерін талдау, алдын алу шараларын әзірлеу және құрбандарға көмек көрсету мақсатында оларды тиісті органдарға қайта жолдау тәртібі көзделген.

Үшіншісі – қудалау.

Адам саудасының барлық түрлері бойынша қылмыстық заңнамаға сілтеме нормалары қаралды.

Оның ішінде:

  • мәжбүрлі еңбек,

  • жыныстық қанау,

  • адам ағзасының бөлшектерін (органдарын) және нәрестелерді саудаға салу,

  • сондай-ақ қайыр сұрауға мәжбүрлеу сияқты қылмыстар да бар.

Осылайша, қабылданатын нормалар аталған қылмыстық жауапкершілік тетіктерін дұрыс пайдалануға мүмкіндік береді.

Төртінші бағыт – көмек көрсету.

Бұл – ең маңызды бөлігі. Онда көзделген ережелер адам саудасы құрбандарының барлық құқығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Оның ішінде медициналық, психологиялық, құқықтық жәрдем және тағы да басқа көмек түрлері қарастырылған. Осылардың барлығын бір заң аясында қабылдау – жәрдем беру және қорғау процесін жеңілдетеді. Басты ерекшілік – ол құрбандардың “азаматтық” мәртебесіне қарамастан қылмыс анықталған сәттен бастап олардың “құрбан” жағдайынан шыққанға дейін жұмыс істеу алгоритмін реттейді, — деп түсіндірді ІІМ басшысы Мәжілісте.

Сонымен қатар “ықтимал құрбандарға” көмек көрсетудің құқықтық негіздері қаралады.

Ерекше назар аударатын жағдай — кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау мәселелеріне жеке тарау арналған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *