Skip to content

ДАРХАН САТЫБАЛДЫНЫҢ КЕЗЕКТІ ЖЕКЕ ҚАБЫЛДАУЫ ӨТТІ

      Түркістан өңірінің орталығы мен барлық аудан, қалаларында облыс басшысының ашық форматтағы жеке қабылдауы тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бүгін облыс әкімі Дархан Сатыбалды кезекті рет азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, өтініштерін тыңдады. Тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салды. Бұл туралы Sanur.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
 
Қабылдауға құқық қорғау органдарының және облыстық басқарма басшылары мен жауапты аудан, қала әкімдері де қатысып, мәселелердің оң шешімін табуына атсалысты. Өңір басшысы әр тұрғынның мәселесін мұқият тыңдап, оларды тиімді шешу жолдарын түсіндірді және жауапты басшыларға нақты тапсырмалар берді.
 
Облыс басшысының тікелей қабылдауына жазылғандардың өтініштері сан алуан. Басым көпшілігі әлеуметтік көмек, жер, субсидия сұрап келді. Атап айтқанда, Шардаралық тұрғын көктемгі егін жұмыстарына арналаған жеңілдетілген несиенің қол жетімсіздігін айтып, шағымданды. Мәселе жауапты басқарма тарапынан түсіндірілді.
 
Сайрамнан келген азаматша жұмыс орнын ауыстыру мәселесіне көмек беруді сұрады. Белгілі болғандай, оған осыған дейін де бірнеше ұсыныс берілген. Қабылдаудан кейін жаңа ұсыныс бойынша таңдау жасайтынын айтып тарқасты.
 
Қазығұрттық тұрғындар мектептегі күзет қызметінің жекеге өтуін көтерді. Сонымен қатар Қызылқия ауыл округі бойынша суғармалы жерлерге су тапшылығы мен ауданда жаңадан салынып жатқан құрылыс нысандарының сапасы туралы баяндады. Ордабасы ауданынан қабылдауға жазылушы құқық қорғау органдарына қатысты шағымын жеткізді.
 
Облыс тұрғындары онлайн арқылы да байланысқа шығып, сауалдарын қойды. Тұрғындарды мұқият тыңдаған облыс әкімі әрбір мәселені жауапты тұлғалар жан-жақты зерттейтінін, шешімін тапқанша өз бақылауында болатынын жеткізді. Заңды жолдарын түсіндірді. Оңтайлы шешілуі үшін тиісті басқарма басшыларына тапсырма берді. Тұрғындар тарапынан түскен ұсыныс-пікірлер мен өтініштер хаттамаға енгізілді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *