Түркістан облысының Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылар тобы еліміздің Солтүстік өңірлеріне көмектесу үшін жолға шыққан болатын. Атап айтсақ, Түркістан өңірінен 54 құтқарушы, 14 техника жіберілді. Одан өзге 15 мотопомпа, 2 қайық, 16 портативті радиостанция, 2 спутниктік телефон, 5 шатыр, 50 төсек автономды жұмыс істеуге толық дайын. Олар су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге көмек қолын созды. Бұл туралы Sanur.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бүгін құтқарушылар Солтүстік Қазақстан облысына барып, қарғын судың алдын алу жұмыстарына кірісіп кетті. Кәсіби мамандардан құралған топ тасқын қаупі жоғары Ғабит Мүсірепов, Айыртау, Тайынша және Тимирязев аудандарында жұмыс жүргізеді деп жоспарланған. Қазіргі таңда құтқарушылар су тақынының алдын алу және бақылау жұмыстарын атқарып жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Түркістан өңірінен Ақтөбе облысына гуманитарлық көмек және еріктілер тобы жіберілген болатын.