Skip to content

А. ЕСМАҒАМБЕТОВА ҚР-ДАҒЫ АҒЫМДАҒЫ ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ ЖАҒДАЙ ТУРАЛЫ АЙТЫП БЕРДІ

        Бүгін ОКҚ алаңында өткен брифинг барысында ҚР Бас санитариялық дәрігері – Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова еліміздегі ағымдағы эпидемиологиялық жағдай туралы хабарлады. Бұл туралы Sanur.kz хабарлайды.

«Ағымдағы жылдың қазан айында республикада ЖРВИ-дың 638 208 жағдайы тіркелді, оның ішінде ЖРВИ-мен ауырғандардың 66%-ын 14 жасқа дейінгі балалар құрады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда сырқаттанушылық 27%-ға төмендеді. Соңғы аптада ЖРВИ-мен сырқаттанушылық төмендеп, өткен аптамен салыстырғанда 25,8%-ға төмендеді», – деп атап өтті А.Есмағамбетова.

Республикада жыл сайын тұмау вирусының таралуы қараша айынан басталып, сәуір айының ортасына дейін созылады.

Вице-министрдің мәліметінше, өткен эпидемиологиялық маусымда Республикада ЖРВИ-дің 4 млн 844 мың жағдайы және тұмаудың 3 324 жағдайы тіркелген.

Алдағы эпидемиялық маусымда ДДҰ деректері бойынша вирустың үш штамы өзекті болады – A (H1N1), A (H3N2) және B, олар 2023/2024 эпидемиялық маусымға арналған вакцинаның құрамына кіреді.

Вице-министр хабарлағандай, Денсаулық сақтау министрлігі тұмау мен басқа да тұмауға жатпайтын вирустардың айналымына мониторинг жүргізуде. Маусымның басынан бастап тұмауға 2543 үлгі зерттелді, тұмау вирусы анықталған жоқ. Оң нәтижелердің негізгі үлесі – риновирустар, бокавирустар, МС вирустары, аденовирустар, паратұмау.

Тұмау ауруы профилактикасының ең тиімді әдісі – вакцинациялау. Қауіпсіз және тиімді вакциналар 60 жылдан астам уақыт бойы қол жетімді және қолданылып келеді, деп атап өтті Бас санитариялық дәрігер.

«Ағымдағы жылы бюджет қаражатына Ресей өндірген «ГРИППОЛ +» вакцинасының 2,2 млрд теңге сомасына 2 млн.414 мың доза сатып алынды. Вакцинада алдағы маусымға қарсы штамдар бар. Бұл республиканың жалпы халқының 12%-ын қамтуға мүмкіндік береді, ДДҰ ұсынған жағдайда – кемінде 10%. Бүгінгі таңда 1 млн. 516 мың адам егілді. Мемлекеттік бюджет қаражатының есебінен халықтың неғұрлым осал топтары вакцинацияланады», – деді    А. Есмағмабетова.

Оның айтуынша, COVID-19-бен сырқаттанушылыққа қатысты республикадағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты.

«Ағымдағы жылы Сібір ойық жарасы ауруының 37 расталған жағдайы, оның ішінде Жамбыл облысында 19 жағдай, Ақмола облысында 15 жағдай, Қарағанды облысының Абай ауданында 3 жағдай тіркелді», – деп хабарлады вице-министр.  

Сібір ойық жарасы ауруының барлық жағдайларында инфекцияның себебі ауру жануарларды мәжбүрлі союға және жіліктеуге, жұқтырылған ет пен теріні тасымалдауға, сақтауға және жоюға қатысу болды. Инфекция көзі ветеринариялық куәландырусыз сойылған ауру жануарлар болды. Сібір ойық  жарасы ауруы адамнан адамға берілмейтінін есте ұстаған жөн.

Бас санитариялық дәрігер сібір ойық жарасы ауруларының профилактикасы мен алдын алу мақсатында ет пен ет өнімдерін өнімнің қауіпсіздігі мен сапасын бақылау жүзеге асырылатын санкцияланған сауда орындарынан (ресми базарлардан, дүкендерден, сауда орталықтарынан) ғана сатып алуды және кездейсоқ адамдардан ет пен ет өнімдерін сатып алмауды ұсынды.

Мал иелері жануарларды союды алдын-ала ветеринарлық тексеруден кейін ғана жүргізіп, үй жануарларын сібір ойық жарасына қарсы профилактикалық вакцинациялауы керек.

А. Есмағамбетова қызылшамен сырқаттану жағдайына жеке тоқталды.

«2023 жылдың басынан бері ҚР-да қызылшаның 11 057 жағдайы, оның 83% – ы 14 жасқа дейінгі балалардың, 2,7%-ы жасөспірімдердің, 13,8% – ы ересектердің арасында тіркелді. Қызылша ауруы барлық өңірлерде, жоғары деңгей Алматы қаласында – 2 031 жағдай, Шымкент қаласында – 2 026 жағдай, Жамбыл облысында – 1 392 жағдай және Алматы облысында – 1 111 жағдай тіркелді. Сырқаттанушылық ауырған балалардың санынан вакцинацияланбаған балалардың есебінен тіркеледі»,-деді вице-министр.

Оның айтуынша, 60%-да балалар бас тартуға байланысты, 18,3%-да – медициналық көрсетілім бойынша, 21%- да егу жасына жетпегендіктен егілмеген. 

Ол қазіргі уақытта қызылша жағдайын тұрақтандыру мақсатында жүргізіліп жатқан шаралар туралы айтты. Біріншісі – қызылшаға қарсы жоспарлы вакцинациялау, 30 жасқа дейінгі вакцинацияланбаған байланыста болған адамдардың ошақтарында вакцинациялау, 18 жасқа дейінгі балалардың вакцинациялануын тексеру, денсаулық сақтаудың барлық деңгейлерінде халықпен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

Ағымдағы эпидемиологиялық жағдай 5 жасқа дейінгі балалардың арасында қызылша жағдайларының басым тіркелуімен сипатталатынын айта кету керек, бұл қызылша жағдайларының 65%-дан астамын құрайды, деп толықтырды А.Есмағамбетова. 

Профилактиканың  бірден-бір пәрменді шарасы вакцинациялау болып табылатынын ескере отырып, қызылшаның одан әрі таралуын болдырмау үшін 6 айдан бастап балаларға, сондай-ақ 2 жастан 5 жасқа дейінгі балаларға және медицина қызметкерлеріне қосымша вакцинациялау енгізу жоспарлануда.

Бас санитариялық дәрігер ата-аналарының назарын балаларында қызылшаға қарсы екпелердің болуына аударды.  Вакцинациялау болмаған жағдайда, тіркелген жері бойынша медициналық ұйымда екпе алу бойынша шаралар қабылдауды ұсынамыз, деп атап өтті А. Есмағамбетова.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *