Бүгін Шәкәрім университетінде «Мамандығым – болашағым» өңірлік жобалық кеңсесінің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Sanur.kz ақпарат агенттігі.
«Мамандығым – болашағым» жобасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен қабылданған «Халықтың табысын арттырудың 2029 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында жүзеге асырылуда. Оның негізгі мақсаты – аймақтағы еңбек нарығындағы өзгерістерді болжау және оқушыларға ерте кәсіптік бағдар беру. Абай облысы – жоба басталған 13-ші аймақ.
Кеңсенің тұсаукесеріне ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қатысты. Министр кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін кадр қажеттілігіне неғұрлым нақты бағдарлау үшін жұмыс берушілермен диалогта болып, кадрларға қажеттілікті алдын ала болжау маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, жастарды ғылымға баулу, жоғары білімді интернационалдандыру және цифрлық экожүйені қалыптастыру қажеттілігін тілге тиек етті. Жиынға «Мамандығым-болашағым» бағдарламасы жобалар тобының жетекшісі Ермекбаев Самғат, Шәкәрім университетінің ректоры Орынбеков Думан, Абай облысының Білім басқармасы басшысы Ахметқалиев Нұржан, Абай облысы қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Жұмағұлов Арман, Жоғары білім беруді дамыту ұлттық орталығы жобалық кеңсесінің өкілдері және университеттің профессор-оқытушылар құрамы қатысты.
Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков жобаның маңыздылығын, Абай облысын кадрлармен қамтамасыз ету құндылығын атап өтіп, қатысушыларға жаңа қажетті дағдыларды меңгеруде сәттілік тіледі. «Мамандығым-болашағым» жобасы шеңберінде университет қызметкерлері 5 күн бойы интенсивті режимде форсайттық зерттеу әдістемесі бойынша сертификаттау курсынан өтеді. Тренинг нәтижелері бойынша ЖОО қызметкерлері аймақтық жобалық кеңсе командасына қосылып, Абай облысының кадр қажеттілігінің өңірлік картасын жасауға бағытталған аймақтағы негізгі сала мамандарының қатысуымен форсайттық зерттеу жүргізетін болады.
Қазіргі таңда «Мамандығым-болашағым» жобасы еліміздің 12 өңірінде жүзеге асырылуда, Абай облысы – 13. Астана қаласы, Павлодар және Маңғыстау облыстары өңірлік кадрларға қажеттілік картасын әзірлеуді аяқтап, осы өңірлердің басым секторларының қатарынан келешегі бар кәсіптерді анықтады, оқушылардың кәсіби диагностикасы жүргізіліп, оның нәтижелері бойынша оқушылар өздерінің бейіні мен кәсіби қызметте жүзеге асыру мүмкіндіктерін анықтады.