Жоғарғы Сот пен ЕҚЫҰ Бағдарламалар кеңсесі «Әйел-судьялар: кәсіби тәжірибе алмасу және халықаралық ынтымақтастық» атты семинар өткізді, деп хабарлайды Sanur.kz Жоғарғы Соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Форумда Жоғарғы Сот төрағасы Асламбек Мерғалиев, Конституциялық Сот төрағасы Эльвира Әзімова және ЕҚЫҰ Бағдарламалар кеңсесінің басшысы Фробарт Фолькер құттықтау сөз сөйледі.
Іс-шараға Жоғарғы Соттың судьялары, Қырғызстан Конституциялық сотының судьясы, қоғаммен байланыс жөніндегі судья-үйлестірушілер және олардың шетелдік әріптестері қатысты.
Өз сөзінде Асламбек Мерғалиев Президенттің мемлекеттік саясаттың өзін-өзі жүзеге асыруына жағдай жасау және әйелдердің құқықтарын қорғау, отбасы институтын нығайту сияқты басымдықтары туралы айтқан сөздеріне тоқталды. Республикадағы мыңнан астам судьяның 53 пайызы нәзік жанды өкілдер, 100-ден астамы облыстық соттың алқа төрағалары және аудандық соттардың төрағалары екені атап өтілді.
Ханымдар барынша шыдамдылығымен ерекшеленеді, байсалды, шешімдерінде даналық жатады, отбасылық және тұрмыстық даулардың, сондай-ақ балаларға қатысты істердің түбінде не жатқанын терең түсінеді, жанжалды татуласу арқылы шешуге ұмтылады. Бұл тәсілдер сапалы құқықтық ортаны құру бойынша жүйелі жұмыс жағдайындағы сот қызметінде сұранысқа ие, сондай-ақ қоғамның сотқа және елге деген сенімінің деңгейін арттыруға септігін тигізеді, – деді Жоғарғы Сот төрағасы.
Эльвира Әзімова әйелдердің сот жүйесіне ерлермен тең дәрежеде қатысуы заңға сәйкес келетін және сотқа жүгінгендердің қажеттіліктерін қанағаттандыратын әділ шешім қабылдау кезінде мән-жайлар мен дәлелдемелердің жан-жақтылығын және толық ескерілуін қамтамасыз ету үшін маңызды екенін атап өтті.
Конституциялық Соттың төрағасы кейіннен Асламбек Мерғалиевтің қолдауына ие болған, тұрақтылықты қамтамасыз ету және азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын сақтаудың жаңа тәсілдерін әзірлеуге бағытталған сот төрелігі саласында Орталық Азия әйелдерінің қауымдастығын құру туралы бастама көтерді.
Фолькер мырза 2021 жылғы БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарын еске салды, онда сот жүйесінде және оның құрылымдарында әйелдердің жоғары және басқарушылық деңгейлерде ілгерілеуіне арналған ұлттық стратегияларды әзірлеу мен оны енгізу маңыздылығы атап өтілген.
Судья-әйелдердің қауымдастығы адам құқықтарын қорғайтын және кемсітушілікке тыйым салатын заңдарды ілгерілетуге, гендерлік теңдікті ескере отырып, заң үстемдігін нығайтуға, әйелдердің, балалардың және халықтың басқа да осал топтарының сот төрелігіне қолжетімділігін және сот арқылы қорғалуын жақсартуға септігін тигізеді. Олар сот жүйесінің тиімділігін арттыруға зор үлес қосуда, – деп санайды Фробарт Фолькер.
Жаңа Оңтүстік Уэльс округтік сотының судьясы Робин Тапманның айтуынша, Судьялардың халықаралық қауымдастығы 30 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келеді және қазірдің өзінде 100-ден астам аймақтық бірлестіктердің 6,5 мыңға жуық өкілін қамтиды.
ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Заң үстемдігі жөніндегі кеңесшісі Джейкоб Бонневи сот төрелігі жүйесіндегі гендерлік аспектілер туралы айтты.
Қырғызстан мен Ұлыбританиядағы әйел-судьялар қауымдастығының жұмыс тәжірибесімен Ұлыбритания құқық мектебінің оқытушысы Сабина Гарахан, құқық қорғаушы Халида Әжіғұлова, Қырғыз Республикасы Конституциялық сотының судьясы Чинара Айдарбекова және Англия округінің судьясы Маргарет Глентворт бөлісті.