Skip to content

ӘЙЕЛДЕРДІҢ ЗЕЙНЕТ ЖАСЫ

   Қазақстанда депутаттар әйелдердің зейнет жасын дүниеге әкелген бала санына қарай азайтуды ұсынды. Әр баладан кейін әйелдердің зейнетке шығу жасын төмендетуге жағдай жасалуы керек. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов айтты.

  Елімізде әйелдердің зейнетке шығу жасы 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде бекітілгеніне тоқталған депутат, алдағы жылдары Үкімет зейнетақы жүйесіне қатысты оңтайлы шешім жасауы тиіс екенін айтты.

  Аманжан Жамаловтың сөзінше, әйелдердің зейнет жасына келгенде үкімет тиімді шешім қабылдауы керек. Сондықтан олардың баланы дүниеге әкелетінін де есепке алу қажет дейді.

  «Статистикаға қарасақ, соңғы үш жылда әйелдер арасында өмір сұру ұзақтығы 77-ден 75,5 жасқа дейін, яғни 1,5 жылға азайған. Сондықтан еліміздегі әйелдер зейнет жасына ерте шыққаны дұрыс болар еді», – деді А. Жамалов Мәжілістің жалпы отырысында Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында.

  «Үкімет балалы әйелдер үшін зейнет жасын төмендету нұсқасын да қарау керек деп есептеймін. Дүниеге әкелген әр бала үшін зейнет жасын 2 жылға қысқарту керек. Алайда 10 жылдан аспауы керек. Осылайша 3 бала туғандар зейнетке 6 жылға ерте шығар еді. Бүгінгі зейнет жасымен есептегенде бұл 55 жас», – деді ол.

  Айта кетейік, бүгінгі таңда 5 және одан көп баласы бар аналар ғана 53 жастан зейнетке шыға алады.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *