Skip to content

ӘКІМДЕРДІҢ ЖҰМЫСЫ САРАЛАНДЫ

      Бүгін Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың төрағалығымен кезекті аппарат мәжілісі болып өтті. Мәжіліске аудан әкімінің орынбасарлары мен дербес бөлім басшылары, қала, кент және ауылдық округ әкімдері қатысты, деп хабарлайды Sanur.kz.
 
Күн тәртібіне енгізілген ауданның 2023 жылғы қорытындысымен әлеуметтік-экономикалық дамуы және қала, кент, ауылдық округтердің, дербес бөлімдердің рейтингі туралы аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Өмірзақ Дүйсебаев, Жаңа ауыл ауылдық округін дамыту мақсатында атқарылған және алдағы атқарылатын жұмыстар туралы округ әкімі Сұңғат Амангелдиев, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларын тұрақтандыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Данияр Толыбаев баяндама жасап, ұсыныстарын айтты.
 
Жыл қорытындысымен әкімдердің жұмыстары қала, кент, ауылдық округтері бюджетінің кіріс бөлігінің орындалуы; жеке тұлғалардың мүлік, көлік салықтарының берешектері; қала, кент және ауылдық округтері бюджетінің шығыс бөлігінің орындалуы; негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемінің орындалуы; ауыл шаруашылығы саласы көрсеткіштерінің орындалуы; әлеуметтік сала көрсеткіштері; қылмыс дерегі; келіп түскен өтініштердің қаралуы; әскери міндеттілер мен шақырылушыларды уақытылы жеткізу; көрілген тәртіптік шаралар; аудан әкімінің хаттамалық тапсырмаларының орындалуы мен мемлекеттік қызмет көрсетудің орындалуы бойынша сараланған. Нәтижесінде, Қызылқұм, Мақталы және Жылы су ауылдық округтері көш бастаса, Жетісай қаласы мен Қазыбек би, Атамекен ауылдық округтері соңғы үштікке жайғасқан.
 
Сонымен қатар, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Данияр Толыбаев әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуін болдырмау бойынша мониторинг жұмыстарын жүргізу үшін мобильді топтар құрылып, азық-түлік сатушы дүкен иелерінің арасында заңнамалық шектеулер туралы және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларды сату тәртібін сақтамау, қолданыстағы нормаларды елемеген жағдайда заң талаптарына сәйкес әкімшілік іс қозғалатындығы, жауапкершіліктері қарастырылатыны бойынша тұрақты түрде түсіндірме жұмыстарының жүргізіліп жатқанын айтты.
 
«Сауда қызметін реттеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының қолданыстағы нормаларына сәйкес әзірленген жадынамалар таратылып, 11 базар, ірі сауда орталықтары мен Жетісай ауданы әкімдігі арасында меморандум түзілген.
 
Күн тәртібіндегі кезекті мәселе бойынша Жаңа ауыл ауылдық округіне жүргізіліп жатқан инфрақұрылым жұмыстарының барысы баяндалып, ұсыныстар талқыланды.
 
Мәжіліс соңында Серік Үсенұлы кейбір критерийлер бойынша межеден шыға алмаған әкімдіктер мен бөлімдерге жұмыстың барысын жақсартуды, сапасын арттыруды, тұтынылған ағын су мен ауыз судың өткен жылдан қалған қарыздарын толығымен өтеуді, аудан аумағындағы санитарлық тазалық жұмыстарын назардан тыс қалдырмауды тапсырды.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *