Skip to content

ӘЛЕМГЕ ӘЙГІЛІ МҰҒАЛІМ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ҚЫЗДАР ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТТЕРІНЕ АҚЫЛ-КЕҢЕС БЕРДІ

     Дүниежүзіне белгілі ұстаз, «Әлем мұғалімі» жаһандық сыйлығының 2020-шы жылғы иегері Ранжит Дисале Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттерімен кездесті. Арулардың ақ ордасының мәртебелі мейманы болашақ педагогтармен тілдесіп, ұстаздықтың қыр-сырымен бөлісті. Бұл туралы Sanur.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
 
Атап айтқанда, Ранжит Дисале жастарды 21-ші ғасырдың ұстазы болуға шақырды.
 
«Өкінішке қарай, біздер әлі күнге дейін 19-шы ғасырдың оқу бағдарламасын қолданып, 20-шы ғасырдың ұстаздары секілді сабақ беріп келеміз. Шынайы жағдай мен сұраныстың арасы жер мен көктей. Десе де біздер сондай зор мүмкіндіктердің заманында өмір сүрудеміз. Технологиялар көз ілеспес жылдамдықпен дамып, жасанды сана іске асып жатқан шақта, біздер артта қалмауымыз керек. Сіздер осы көштің басында болуларыңыз қажет», – деді Ранжит Дисале.
 
Ранжит мырза оқу ордасының табалдырығын аттаған сәттегі алған қатты әсерін жасырмады. Ол түсінікті де. Өйткені әлемге танымал болмаған шағында Дисале өзінің елі Үндістанда қыздардың білім алуы үшін едәуір күресіп, маңдай тер төккен еді.
 
Айта кету керек, Ранжит Дисале өзі жеңіп алған «Әлем мұғалімі» сыйақысының 1 млн. доллар көлеміндегі жүлдесінің жартысын өзінің тоғыз финалист әріптестерімен бөліскен. Яғни олардың әрқайсысы 55 000 доллардан алған. Ол сондай-ақ білім беру бағдарламалары бойынша Дүниежүзілік банктің кеңесшісі саналады, оны АҚШ үкіметі Фулбрайт бағдарламасына қатысу үшін таңдаған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *