1 — қазан қарттар күніне орай, ардагер ұстаздарға құрмет көрсетілді. Жетісай аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен Нәзір Төреқұлов атындағы жалпы білім беретін мектепте ауқымды шара өтті. Аудандағы барша қарт ұстаздардық құрметіне арналып әннен шашу шашылып, жыр төгілді, деп хабарлайды Sanur.kz тілшісі.
Бүгінгі ән бұрынғыдан өзгерек . Бүгінгі кеш те алдыңғыдан ерек. Қарт ұстаздардың құрметіне арналған шараның шымылдығы Ш. Қалдаяқовтың Менің Қазақстаным әнімен түрілді. Жәй түрілген жоқ. Алдымен әннің шығу тарихы көрсетілді, сонан соң оң қолдар кеудеге қойылды. Оқушылар әнұранды хормен шырқады. Аудандық білім бөлімінің басшысы Ғазиза Шүкірбаева ардагер ұстаздарды қос мерекемен құттықтады, өлең жолдарын, ізгі тілегін арнады.
ҒАЗИЗА ШҮКІРБАЕВА; ЖЕТІСАЙ АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
— Барша ардагер ұстаздар қауымын 1- қазан халықаралық қарттар мерекесімен және алда келе жатқан 5- қазан ұстаздар мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға. Ұстаздық еткен жалықпас — үйретуден балаға демекші, біз ардагер ұстаздардың еңбегін қашанда бағалаймыз, құрметтейміз. Мынау өскелең жас ұрпаққа үлгі болып, үлкенге құрмет , кішіге ізет көрсете білу , ардагерлерді сыйлау, ардақтай алу — орта буынның парызы. Ардагерлер қауымына тек қана жақсылық тілеймін, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, қажымас — қайрат тілеймін.
Расымен де, ұлт болашағы жолында аянбай тер төккен, бұл күнде бейнетінің зейнетін көріп отырған қарт ұстаздар еңбегі ерен. Олар қай кезеңде, қандай қиын жағдай болмасын шәкірт санасына білім нәрін себуден танбады. Кешегі тоқырау жылдары да ала сөмкені емес, ұлттың болашағын ойлады, ағартушылық қызметін тастамады. Міне, соның арқасында еліміздің білім саласы өркен жайды. Солардың бірқатары кеш барысында марапатқа ие болып, құрмет биігінен көрінді.
САҚЫПЖАМАЛ ЛЕСПАЕВА; АРДАГЕР — ҰСТАЗ
— Ардагер ұстаз ғана емес, барлық ардагерлерді біздің ауданымыз бойынша жақсы жоғары дәрежеге көтеріп, бағалағанына қуанышты болып отырмыз. Мен өзім білім саласында 40 жыл еңбек еттім, басшылықта да қызмет жасадым. Бірақ бүгінгі іс — шарада біздің көзіміз жеткені келешек ұрпаққа өте үлгі. Берілген насихаттары, көрсетілген жұмыстары үлкен республика көлемінде көөрсететін іс — шара деп есептеймін. Біз ардагер ұстаздар баршамыз жоғары баға береміз .
Мерекелік кештің жоғары деңгейде өтуіне Асықата өңіріндегі 4 мектептің оқушылары мен ұстаздары барын салыпты. Жеңіс, Қайнар , Әл — Фараби және Төреқұлов мектебінің өнерлі өрендері тек әннен шашу шашып қойған жоқ. Қазақ вальсінің королі, ұлы композитор Шәмші Қалдаяқовтың әр туындысының шығу тарихын сахналық қойылым арқылы көрсетті. Жанды дауыста шырқалған ән мен мың бұралған би жүректен орын тауып жатты әрі ардагер ұстаздардың жастық шағын бір сәт еске салды.
ИКИЯТ ЖҰМАНАЗАРОВ; АРДАГЕР — ҰСТАЗ
— Шәмші Қалдаяқов атамыздың үлкен искусствосын ардагерлерге насихаттады, өте керемет өтті. Ардагерлер атынан бағдарламаға үлкен рақмет! Өзімізден кейінгі жастарды көріп өте үлкен қуаныштамыз. Тек жақсылық, аманшылық болсын. Сабақтастық арта берсін.
Ұстаз — ұлағатты есім. Сол есімге кір келтірмей, дақ түсірмей, ұлы жолмен жүріп қарттық кезеңге жеткен ардагер ұстаздар осылайша бір жасап қалды. Шәмші әндерінен қуаттанып, кейінгіге үлгі боларлық жарқын істің куәсі болды.