Skip to content

АУДАН ӘКІМІ АВСТРИЯЛЫҚ ИНВЕСТОРЛАРМЕН КЕЗДЕСТІ

 
    Қазір қай салада болмасын отандық өнімді дамыту өзекті мәселе болып отыр. Әсіресе, халықтың күнделікті тұтынатын азық-түлік тауарларының басым бөлігін отандық табиғи, таза өнімдердің құрауы аса маңызды. Алайда, бүгінгідей ашық экономикалық кеңістікте шетел өнімдерін ығыстыру жоғары бәсекелестікпен қатар, тауар өткізудегі жүйелі жұмысты да талап етеді. Олай дейтініміз, сапасы жағынан елімізде өндірілетін өнімдер шетелдіктерден қалыс қалып отырған жоқ, бірақ, біздің елде шикізатты өткізу, терең өңдеу тұрғысынан біршама қиындықтар бар, деп хабарлайды Sanur.kz тілшісі.
 
    Міне, осы қиындықтарды еңсеру мақсатында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аудан, қала әкімдеріне инвесторлар тарту арқылы кәсіпорындар салу, жаңа жұмыс орындарын ашу жайында тапсырма берген болатын.
 
   Өңір басшысының тапсырмасы аясында бүгін Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов Австриялық инвесторларды қабылдады.
 
  Құрамында Австрияның Вена қаласында орналасқан «Hilfswerk International» компаниясының басшысы Стефан Фритз және аталмыш компанияның қаржы директоры Бернард Степанек, болгариялық Стоянка Монолчева бар делегацияны «Hilfswerk International» компаниясының Орталық Азиядағы өкілдері тәжікістандық Умет Асланов бастап алып келді.
 
   Аудан әкімімен қатар аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Данияр Толыбаев пен Жетісай ауданы бойынша Ұлттық кәсіпкерлік палатасының директоры Талғат Бапаев қатысқан кездесу барысында Австрия инвесторлары аудандағы шаруа қожалықтарының өндірген жеміс-жидек, бақша өнімдерінің экспортқа шығырылмайтын бөліктерін жергілікті жерде қайта өңдеу, яғни, суглимация жасау арқылы дайын өнімдер шығаруды жоспарлап отырғандықтарын, осы орайда, компания қазіргі таңда Ынтымақ ауыл округі, Әден ата ауылында арнайы өндіріс орнын ашу үшін жер қарастырып, құжаттандыру жұмыстарының жүргізіліп жатқанын атап өтті. Сонымен бірге, жергілікті дихандардың өсірген ауыл шаруашылығы өнімдерін жинау, сақтау және сату барысында туындайтын мәселелерді шешуге, көмектесуге атсалысатындарын жеткізді.
 
   Өз кезегінде аудан әкімі Серік Үсенұлы аудан аумағында өндірілетін дақылдардың басым бөлігін мақта шикізаты құрайтынын, бақша мен көкөністің де жеткілікті мөлшерде егілетінін және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуға ниетті кез-келген шетелдік инвесторға аудан әкімдігі тарапынан заң аясында қолдау мен көмек көрсетілетінін айтты.
 
«Бүгінде ауданға келген инвесторлардың бәрі бірдей кәсіпорын немесе зауыт-фабрикалар салады деген сөз емес.Біз қазір әртүрлі салаларда халықаралық деңгейде жұмыс істеп жүрген шет елдік компанияларды ауданға шақырып, аудандағы шикізат түрлерімен таныстырып жатырмыз. Ауыл шаруашылығы саласында өндірілетін шикізаттарды терең өңдейтін кәсіпорындар салу жайлы ұсыныстарымызды жасап жатырмыз. Біздің оларға, олардың бізге жасаған ұсыныстары терең зерделеніп, зерттеліп, тиімділігі мен пайдасына толық көз жеткізген жағдайда ғана екіжақты келісім-шарт жасайтын боламыз» дейді аудан әкімі.
 
   Шет елдік инвесторлар аудан әкімінің қабылдауынан соң аудандық «Кәсіпкерлік орталығында» ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесіп пікір алмасты. Сұрақтарына жауап берді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *