Бүгін аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов биылғы жылдың басында құрылса да ІІ лига командалары арасындағы ҚР Чемпионатында 17 кездесу өткізіп, 36 ұпаймен турнир кестесінде екінші орында тұрған жергілікті «Жетісай» футбол клубының ойыншыларымен кездесті. Ертеңгі болатын жауапты ойын алдында теңбіл доп шеберлеріне сәттілік пен жеңіс тіледі, деп хабарлайды Sanur.kz тілшісі.
Жүздесуге аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев, «Amanat» партиясы Жетісай аудандық филиалының төрағасы Әділхан Асауов, аудандық мәслихат депутаты Елдос Байыспаев қатысты.
«Жаңадан құрылған «Жетісай» футбол клубының 9 айда жеткен жетістіктері мақтанарлық дәрежеде. Сіздердің ойындарыңыз бен жеңістеріңіз аудан жастары арасында отандық футболдың мәртебесін өсіріп, қызығушылықтарын арттырды. Енді сіздердің алдарыңызда бірінші лигада да жеңіске жетіп, премьер-лигада ойнау мақсаты тұр. Өздеріңіздің іздеріңізді басатын жаңа толқынды дайындау, ауыл-аймақтарда бұл спорт түрін УЕФА талаптарына сай өркендету міндеті тұр. Перзенттеріміздің көше кезіп, келеңсіз жағдайларға ұшырағанынан, зиянды әдеттерге салынғаннан спортпен айналысқаны дұрыс әрі пайдалы» деген аудан басшысы балалар мен жасөспірімдер арасындағы футболды жаңартуда жаңашылдықтар орын алып жатқанын айтты.
Еркін форматта өткен кездесу барысында жергілікті футбол мамандарымен, теңбіл доп шеберлерімен отандық футболды дамыту мәселелері талқыланып, ұсыныс-пікірлер тыңдалды.