Skip to content

АУДАН ӘКІМІ «ЖАНАСЫЛ» ЖШС ДИРЕКТОРЫН ҚАБЫЛДАДЫ

       Негізгі күн көрісі мен әлеуметтік-экономикалық дамуы аграрлы секторға тікелей байланысты Жетісай ауданының шаруа-дихандары үшін күн көзінің әрбір сәтін тиімді пайдалану, егілетін мақта дақылының тұқымдық шитінің сапалы болуы аса маңызды. Ерте көктемнен басталатын еңбек еш кетпеуі үшін жиын-терім науқанындағы өнім бағасының жоғары болуы, қырманның берекелі болуы да көптің тілеуі. Бұл туралы Sanur.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
 
Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов «Жанасыл» ЖШС директоры Абылай Тыныбаевты қабылдап, тұқымдық шит дайындау мәселелерін сөйлесті. Абылай Жамбылұлы аудандағы шаруаларды тұқымдық шитпен қамту мақсатында арнайы тұқым зауытын салуға ниетті екенін, жылына 7,5 мың тонна тұқым дайындай алатынын айтты. Кәсіпкердің өз қаржысы есебіненіске асырылатын жалпы құны 4,5 млрд теңге болатын жоба келесі жылы іске асса 85 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.
 
Екі жақты ұсыныстар мен әріптестіктің шарттары талқыланып, кәсіпкерге Жетісай қаласының, Асықата кентінің және Қазыбек би ауылдық округінің аумақтарынан жер ұсынылды.
 
Айта кетейік, 7 мақта зауыты мен 80-ге жуық мақта қабылдау пункттері жұмыс істеп тұрған ауданның дихандарына жылына 1,5 мың тонна тұқымдық шит қажет. Бүгінде «Бахытжан» және «Кетебай» өндірістік кооперативтерімен қатар «Мақталы жер» ЖШС «Мақтарал 4011», «Мақтарал 5027» сорттарын дайындап беруде.
 
Одан бөлек, аудан дихандары Өзбекстан, Түрік, Қытай елдерінен әкелінген тұқымдық шиттерді де егістікке пайдалануда.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *