Skip to content

АУДАН АРДАГЕРЛЕРІНІҢ МЕРЕКЕЛІК ШАРАСЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

    Әу бастан-ақ қарияларын қазынаға балап, қашанда төрінен орын берген қазақ қанына сіңген қасиетін күні бүгінге дейін жоғалтқан жоқ. Абыздар салған жолмен жүріп, қариялар айтқан ақылмен іс жасауда. Өмірден түйген өнегелері мен басып өткен өмір жолдарын өскелең ұрпағына үлгі етуде.
Елдегі еңбегі ерен қарияларын құрметтеген жетісайлық жұртшылық тағы бір ауқымды шарасын өткізді, деп хабарлайды Sanur.kz ақпарат агенттігі.
 
«Қазыналы қарттарымыздың бойларындағы өмірге деген белсенділік пен ерік-жігер өскелең ұрпақ үшін үлкен өнеге. Қассиетті Тәуелсіздігіміздің алғашқы сәттерінен бастап елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, саяси тұрақтануына үлес қосқан көптеген қарттарымыз құрметті зейнеткерлікке шықса да қоғамнан қол үзбей жастардың тәрбиесіне атсалысып, өмірден жиған тәжірибелерімен бөлісіп келеді. Білмегенімізді үйретіп, ақыл-кеңестерін беріп келеді. Сол үшін де ол кісілерге үлкен алғысымызды айта отырып, дендеріне саулық тілейміз!» деген Серік Үсенұлы мен аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов қарттарды мерекелерімен құттықтады.
 
Салтанатты шара барысында аға буын өкілдері өскелең ұрпаққа жақсы менен жаманның аражігін ажырататын өсиетті ақыл-кеңестерін берді. Елдегі ұлтаралық татулық пен саяси тұрақтылықтың сақталуын, қайғысыз күннің түгемеуін тіледі.
 
Сонан соң аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтбай Махамбетов ұрпақтар сабақтастығы мен бүгінгі қоғамдағы ұрпақ тәрбиесіне батыстық идеялогияның кері әсері, зардаптары мен алдын алу жолдары жайында айтып, болашақтың иелерін тәрбиелеуде күш біріктіруге шақырды.
 
«Бүгінгі жас – ертеңгі елдің сенім артқан болашағы. Біз жастарымызға қандай өнеге көрсетіп, қандай тәрбие берсек еліміздің болашағы солай қалыптасады. Сондықтан, ұрпақ тәрбиесінде «сенікі, менікі» деген түсінік болмауы керек. Ол – баршамызға ортақ міндет» дейді қазыналы қарттар.
 
Бар жастық жігері мен күш-қайратын елінің ертеңіне арнап, аянбай еңбек еткен қарттарымыздың төл мерекелерін жоғары деңгейде атап өтуде аудандық Жетісай ауданының өнерпаздары мен мереке иелері де өз үлестерін қосып, әсем әннен шашу шашты.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *