Skip to content

АУҒАНСТАНДА ТАҒЫ ЖЕР СІЛКІНДІ. ОТАНДЫҚ ЖАСАҚ ЧОЛКТУЛАҒА ЖІБЕРІЛДІ

   Қазақстанның құтқарушылары Герат провинциясындағы қиратушы жер сілкінісінен кейін үйінділерді бөлшектеу жұмыстарын жалғастыруда, деп хабарлайды Sanur.kz ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іздестіру-құтқару жұмыстары Наиброфи елді мекенінде жүргізілуде. Алғашқы тәулік ішінде 76 учаскедегі үйіндіні бөлшектеді

Сонымен қатар Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері мен фельдшерлері 39 жергілікті тұрғынға, оның ішінде 5 балаға медициналық көмек көрсетті. Тұрғындар негізінен жарақаттармен, күрделі стресс реакциясымен жүгінді. Тіпті суық тиіп сырқаттанған адамдарға да көмек көрсетілді.

Бүгін таңғы сағат 06.32-де Герат қаласының маңында күшті афтершок тіркелді. Чолктула елді мекенінде зардап шеккендердің болуы мүмкін екені туралы ақпарат түсті. Сол жерге 29 қазақстандық құтқарушы жіберілді. Олар өздеріне бөлінген учаскедегі үйінділерді бөлшектеу жұмыстарын жүргізді. Зардап шеккендер табылған жоқ. 10 тұрғынға медициналық көмек көрсетілді. Жұмыс аяқталғаннан кейін күштер мен құралдар зардап шеккен адамдарды іздеуді жалғастыру үшін Наиброфи елді мекеніне оралды, – делінген ТЖМ хабарламасында.

Естеріңізге сала кетейік, 7 қазанда Ауғанстанның батысында (эпицентр Герат провинциясындағы) 2 500-ге жуық адамның қаза болуына, 9 000 адамның жаралануына, сондай-ақ 2 000 үйдің қирауына әкеп соққан қатты жер сілкінісі болды. ҚР Үкіметі ауған халқына шұғыл гуманитарлық көмек көрсету туралы шешім қабылдап, қол ұшын берді.

10 қазанда 45 адамнан құрылған Қазақстан ТЖМ күштер мен құралдар тобын Ауғанстанға жойқын жер сілкінісінің салдарын жоюға көмек көрсету үшін жіберілді. 

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *