Пхукетте (Таиланд) жалауы көтерілген лицензиялық Әлем кубогында отандастарымыздың арасынан Айнұр Әбдіқалықова жарыс жолына шықты, деп хабарлайды Sanur.kz Спорт және дене шынықтыру істері комитетіне сілтеме жасап.
Қазақстандық зілтемірші 49 келіге дейінгі олимпиадалық салмақта өнер көрсетіп, С тобында 5-орынға ие болды. Жұлқа көтеруде 72, серпе көтеруде 88 келіні игеріп, қоссайыс қорытындысында 160 келіні бағындырды. Бұл топта бірінші орын Индонезиялық Кантика Айсаға (84+100), екінші орын Папуа-Жаңа Гвинеядан келген Дика Тоуаға (75+96) бұйырды. Үздік үштікті Ирландия өкілі Там Нгуен (70+96) түйіндеді.
Олимпиада лицензияларының иегерлері 1 сәуірде А және В топтарының өкілдері өнер көрсеткеннен кейін белгілі болады.
Сонымен қатар, Әлем кубогында еліміздің намысын Дарья Балабаюк (59 кг), Айсамал Сансызбаева (+87 кг), Ерназ Алпысов (55 кг), Сергей Петрович (89 кг) және Сұлтан Мейрам (109 кг) қорғайды. Сергей Петрович пен Айнұр Әбдіқалықова Олимпиада жолдамалары үшін таласады.
Әлем Кубогына 110 елден 466 спортшы қатысып жатыр.