«Ақ жол» демократиялық партиясының Мәжіліс сайлауына ұсынған партиялық тізіміндегі кандидаттардың 60-дан астамы — жаңа азаматтар. Бұл туралы партия төрағасы Азат Перуашев Орталық сайлау комиссиясында өткен брифингіде айтты, деп хабарлайды Sanur.tv.
«Негізі біздің Мәжіліске ұсынатын тізімімізде 54 үміткер бар. 54 үміткердің ішінде заңның талабы бойынша, 18 адам, яғни, кандидаттардың 33,3 пайызы — әйел әріптестеріміз, жастар және кемтар азаматтар», — деді ол.
Оның айтуына қарағанда, бүгін ОСК тіркеген тізімде бұған дейін «Ақ жол» ҚДП атынан V, VI, VII шақырылымда болған депутаттар да бар.
«Қазір нақты айта алмаймын, бірақ тізімдегі 20-дан астам адам жергілікті филиал басшылары мен өкілдерінен іріктелді. Жаңадан келіп қосылған үзеңгілестер бар. Шамамен өзгергені 60 пайыздан кем емес. Тізімдегілердің 60 пайыздан астамы – жаңа азаматтар», — деді Азат Перуашев.
Еске салайық, бүгін ОСК «Ақ жол» және ЖСДП-ның Мәжіліс сайлауына ұсынған партиялық тізімін тіркеді.