Биология пәнінен әлемдегі ең беделді халықаралық олимпиада биыл алғаш рет Қазақстанда өтеді, деп хабарлайды Sanur.kz тілшісі Үкіметке сілтеп.
Үкіметте «IBO-2024» атты білім додасын ұйымдастыру мәселелері пысықталды. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен өткен кеңеске орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
«Internetional biology оlympiad» әлемдегі топ-7 пәндік жарыстардың қатарына кіреді. Қазақстандық оқушылар бұл сайысқа 28 жыл бойы тұрақты қатысып келеді. Осы уақыт ішінде олар 70-тен астам түрлі наградаларға ие болды: 2 алтын, 20 күміс, 54 қола медаль. Осындай жетістіктерді ескерген халықаралық ұйымдастыру комитеті олимпиаданы Астанада өткізуді ұйғарды. Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспанның айтуынша, биылғы додада ел намысын 4 дарынды оқушымыз қорғайтын болады.