Алматыда өткен «Қазақстанның автонарығы: аналитика, технологиялар, болжамдар» баспасөз мәслихатында Freedom Finance Global талдаушысы Аңсар Абуев 2024 жылы автокөліктердің бағасы қымбаттайтынын айтты, деп хабарлайды Sanur.kz.
Сарапшы жеңіл автокөліктердің өсімі 10 жылдағы ең жоғары нәтиже көрсеткенін атап өтті.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше 2023 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша Қазақстанда 5,09 млн автокөлік тіркелген. Олардың 4,47 млн жеңіл автомобильдер. Жыл басынан бері жеңіл автокөлікте 14,4%-ға өсті, бұл соңғы 10 жылдағы ең жоғары нәтиже, – деді сарапшы Аңсар Абуев.
Сондай-ақ оның болжамы бойынша көлік бағасы биыл 12-17%-ға өседі.
Біз сарапшылар мен тұрғындардан автонарық туралы сауалнама жүргіздік. Сарапшылар көлік бағасы 10-20%-ға өсетінін болжап отыр. Ал біздің болжам: 2023 жылы елдегі инфляцияның 9,8%-ға дейін түскенін ескере отырып, көлік бағасы 12-17%-ға өседі. Оның басты факторы ретінде Қытай нарығына негізделген сұраныстың сақталуын айта аламыз, – деді ол.
Қазақстанның автомобиль нарығындағы, сондай-ақ кредиттеу, сақтандыру, автомобиль бөлшектерін сату сияқты ілеспе салалардағы негізгі трендтер қаралып, жалпы ахуал талданды.
2023 жылы қаңтар-тамыз айларында Қазақстанда 120,3 мың жаңа жеңіл автокөлік сатылды. Бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 60,5%-ға көп. Біздің зерттеуміз бойынша былтыр әрбір сатылған 4-ші көлік Қытай көліктері. 2024 жылы болжам бойынша барлық Қытайдан келетін көлік маркаларын қосып айтқанда олар қазіргі Қазақстан автонарығының сатылым бойынша көшбасшылары Hyndai мен Chevrolet-ті басып озады, – деді сарапшы Аңсар Абуев.