Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Балажанов Өркен Бәйділханұлы Мақтаарал ауданына арнайы жұмыс сапарымен келіп, Президенттік жастар кадр резервіне өту бойынша ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды Sanur.kz тілшісі.
Аудан әкімі аппаратының үлкен мәжіліс залында аудан әкімі Бақыт Асановтың төрағалығымен өткен жиынға 35 жастан аспаған ауданымыздың мемлекеттік қызметшілері, ауыл шаруашылық, білім (колледждерді қоса алғанда), медицина салаларының, жастар ресурстық орталығының, ХҚКО-ның жас қызметкерлері, жергілікті өнеркәсіп және қызығушылық танытқан белсенді жастар қатысты.
“1 қыркүйектен бастап Президенттік жастар кадр резервіне жаңа іріктеу басталды. Президенттік жастар кадр резерві – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бастамасы. Бұл бастама дарынды, бастамашыл, еліміздің дамуына бей-жай қарамайтын жастарды мемлекеттік қызметке тартуға бағытталған. Ел мүддесіне адал қызмет етемін деген жастарды Президенттік жастар кадр резервіне іріктеуге қатысуға шақырамыз. Мемлекеттік аппаратқа білімді, еңбекқор, Отанға қызмет етуді өзіне парыз санайтын жастар керек. Жастарымыздың бойындағы тасқындаған күш-жігер мен білімді ел мүддесіне қызмет етуге бағыттау, кәсіби мемлекеттік қызметшілердің жаңа легін қалыптастыру – басты міндеттерінің бірі” – деді, Өркен Бәйділханұлы.
Оның айтуынша, іріктеуге жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі және 5 жыл жалпы жұмыс тәжірибесі бар, мемлекеттік тілді Б1 деңгейінен төмен емес меңгерген Қазақстан Республикасының азаматы қатыса алады. Іріктеу 6 кезеңнен тұрады және қыркүйек-желтоқсан айлары аралығында өткізіледі.
Жалпы жиын барысында қызметшілердің әдебі, үстеме жұмыстарға тарту және бонустар төлеу мәселелері де қаралды. Ауданның “Жастар ресурстық орталығы” КММ-ның директоры, аудандық мәслихаттың депутаты С.Кенжебаев, аудан әкімі аппаратының персоналды басқару (кадр қызмет) бөлімінің басшысы С.Досымовтар жарыссөзге шығып, мемлекеттік қызметшілер мен жастарға қолдау көрсету бойынша ұсыныстарын жеткізді.