Апелляциялық сот бұрынғы министр Арыстанбек Мұхамедиұлы мен оның әйеліне және экс-шенеуніктің адвокаты Мұстақым Төлеевке қатысты үкімді қарады, деп хабарлайды Sanur.kz тілшісі Атамекен жаңалықтарына сілтеп.
Үкімге сәйкес, Мұхамедиұлының әйелі жазасын өтеуіне байланысты босатылды.
Ал экс-министр мен оның адвокатына қатысты үкім өзгеріссіз қалды.
Естеріңізде болса Мұхамедиұлының жары экс-министрдің тапсырмасымен адвокатқа пара ретінде 460 мың доллар ақша берген. Ал адвокат сот органдарындағы лауазымды адамдарға табыстауға ниет білдірген. Сол арқылы Мұхамедиұлы жазасын жеңілдетіп, қамаудан босауға әрекеттенген.
2024 жылдың 13 ақпанында Мұхамедиұлы аса ірі мөлшерде пара беруге оқталғаны үшін 11 жылға сотталды.
Әйелі Ғалия Ысқақова делдал болғаны үшін 6 айға бас бостандығынан айырылды.
Ал адвокат Мұстақым Төлеев аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 10 жыл мерзімге адвокаттық қызметпен айналысу құқығынан айырыла отырып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылған еді.