Қазақстанда ойында бәс тігу жасы 21 жастан 25 жасқа дейін көтеріледі, деп хабарлайды Sanur.kz тілшісі.
Мәжілістің комитет отырысында депутат Ернұр Бейсенбаев лотерея және лотерея қызметі туралы заң жобасын таныстырды.
Ол лудоманияға тосқауыл қоюды көздеген заң жобасында қандай нормалар қарастырылғанын түсіндіріп берді.
Бірінші. Заңда максималды түрде букмекерлік кеңселер мен казинолардың жарнамасын шектеу қарастырылған. Онда үйлердің қасбеттерінде, фасадтарында, ғимараттарда, құрылыстардың қоршауларында, көлік құралдарында сыртқы жарнамаға тыйым салынады. Интернет ресурстарында, ресми сайттарда, телеарналар мен радиода, мерзімді баспа басылымдарында, кино беттерінде жарнамаға толық тыйым салынады.
Екінші. Ойнау жасына келмеген азаматтардың құмар ойындарына және бәс тігуге қатысуы шектеледі. Оларға заңсыз ойын ойнауға мүмкіндік берген заңды тұлғаларға қомақты көлемде айыппұл салынады.
Үшінші. Онлайн казино ұйымдастырушыларға Қылмыстық кодекстің 307-бабы бойынша жаза қолданылады.
Төртінші. Өтелмеген алименттік және несиелік қарызы бар азаматтардың құмар ойынға бәс тігу құқығы шектеледі. Яғни борышкерлердің бірыңғай реестрінде мәліметтері бар 25 жасқа дейінгі жеке тұлғаларды құмар ойындарға және бәс тігуге жіберуге тыйым салу белгіленеді.
Бесінші. Заңсыз лотоматиктерге мүлдем тыйым салынады.
Алтыншы. Ойында бәс тігу жасы 21 жастан 25 жасқа дейін көтеріледі.
Жетінші. Заңды тұлғалардың 25 жасқа дейінгі адамдарды құмар ойындарға және бәс тігуге жібергені үшін және орта кәсіпкерлік субъектілеріне – үш жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – бір мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл түрінде құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуы шектелген адамдарға әкімшілік жауаптылығы белгіленеді.
Бұл ретте, бір жыл ішінде қайталанатын болса, бұл заң бұзушылық лицензияның қолданылуын тоқтата тұруға әкеп соғады.
Сегізінші. Балалар, білім беру, медициналық, діни және діни ұйымдар орналасқан тұрғын үйлер мен ғимараттарда лотерея билеттерін таратуға және лотерея терминалдарын орнатуға тыйым салынады.
Тоғызыншы. Сот актісі негізінде қызметі заңсыз деп танылған шетелдік ойын бизнесін ұйымдастырушылардың тізімін жүргізу, сондай-ақ банктер мен төлем жүйелеріне олардың пайдасына қаржылық операциялар жүргізуге тыйым салу.
Оныншы. Букмекерлік кеңсенің немесе тотализатордың қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушылардың өз аппараттық-бағдарламалық кешендерінің Мемлекеттік кірістер органының ақпараттық жүйелерімен интеграциялануын қамтамасыз ету міндеті белгіленеді.