Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ерлан Саиров өңірлердің жылу беру маусымына дайындығының көңіл көншітпейтініне шағымданды. Ол бюджеттен қыруар қаржы бөлінген жылу электр орталығын жөндеу сапасына Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің жауап беретінін алға тартты. Бұл туралы Sanur.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Депутаттың айтуынша, Қарағандыдағы жылу желілерін аралаған кезде нәтижелер қуантпаған екен. Атап айтқанда, “АрселорМиттал Теміртау” АҚ ЖЭО-2-де жылу қазандықтарының тозуы анықталған. No4 қазандықты жөндеуді аяқтау мерзімі қазан айының соңына дейін ұзартылса, No7 жаңа қазандықтың құрылысы келер жылдың соңына дейін кешіктірілген. Ал Теміртаудағы жылу электр орталығына төрт қазандыққа арналған қондырғылар әлі келмеген.
“Жөндеу жұмыстары, сәйкесінше, кешіктірілуде. Жылыту маусымы әлі басталған жоқ, ал біз апаттарды көріп отырмыз. Қарағанды 3-ЖЭО-дағы апат бүкіл қаланың энергетикалық орталығының күйреуіне әкелуі мүмкін. Егер бұлай болса, осы қарқынмен қала қыста екінші Екібастұз болмай ма? Бір жерде құбыр жарылса, онда халық наразылығын тоқтата алмайсыз. Сіз және бұрын сіздің орныңызда болғандар, олигархтар, Жылу электр станцияларын осындай мәселеге тіреп қойды. Алдағы жылу беру маусымында халықтың, президенттің және парламенттің алдында өз жауапкершілігіңізді сезінесіз бе?” – деді депутат.
Энергетика министрлігінің басшысы Алмасадам Сәтқалиев Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар тарапынан жылу беру маусымына орай ауқымды жұмыстар атқарылғанын атап өтті.
“Республикалық және жергілікті бюджеттен 55 миллиардқа жуық қаражат бөлінді. Оның 37,1 миллиард теңгесі тек жылу-энергетикалық нысандарға ғана тиесілі. Қарағанды энергетикалық хабына келетін болсақ, иә, расында да ЖЭО2 АрселорМиттал Теміртауға қатысты белгілі бір мәселелер бар. Яғни, біз оны әрқашан мәселелі нысанға жатқыздық”, – деді министр.
Сәтқалиев осы тұста және жөндеу жұмыстарының 30 қарашада аяқталатынын жеткізді.
Энергетика министрлігінің басшысы жалпы бұл жылу жүктемесіне айтарлықтай әсер етпейтінін алға тартты. Айтуынша, қала жылу жүйесіне 30 қыркүйекте қосылады, ал тұтынушылардың 80 пайызы қазірдің өзінде жылуды алып жатыр екен.
Жобаның артта қалуына қатысты мәселелерге қатысты министр Мемлекеттік энергетикалық қадағалау қызметі тұрақты түрде кезекшілікте екенін тілге тиек етті.
“Жеке жауапкершілікке келетін болсақ, иә, біз жауаптылықты сезінеміз. Депутаттардың да, Қазақстан халқының да қойылған барлық сұрағына жауап беруге дайынбыз”, – деді министр.