Мақтаарал ауданы Иіржар ауылдық округіне қарасты 9 елдімекенге табиғи газ беру жұмыстары басталды. Аталған округке қарасты Шапағат елдімекенінен бастау алған газ қосу рәсіміне сала басшылары қатысты. Бұл туралы Sanur.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Газ құбыры тартылып көгілдір отынға қол жеткізсек деген Иіржарлық ағайынның көптен күткен тілегі орындалды. 77 жастағы ауыл тұрғыны Розагүл Хабибова өмір бойы ошақ қасында от жағып келді. Ол көмір жағып, күл шығарудың машахатын жақсы біледі. Енді міне жылдайр бойғы арманы орындалып, төбесі көкке жетті. Елдімекенге газдың келуімен келіндердің де жүгі жеңілдеді дейді әжей.
РОЗАГҮЛ ХАБИБОВА; АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ
60 жылдан бері газды көргеніміз жоқ. Жағатынымыз тезек болды, қозапая болды, шөп болды. Құдайға шүкір биыл газ кіріп жатыр. Келіндерге де жеңіл болды. Кәрі кемпірлергеде жақсы болды. Енді ыстық үйде отырамыз. Мың рақмет сіздерге. Қуанып отырмыз.
Аудан әкімі міндетін атқарушы Бейсенбай Төребеков газ берілу рәсіміне қатысты. Ауыл тұрғындарының қуанышымен бөлісіп, жыл соңына дейін қалған 8 елдімекенге кезең кезеңімен газ берілетінін жеткізді. Осылайша қараша айының соңына дейін 11187 халық көгілдір отынның игілігін көретін болады.
БЕЙСЕНБАЙ ТӨРЕБЕКОВ; МАҚТААРАЛ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
Шапағат ауылында мерекелік күн болып тұр. Республика күніне орай” шапағат ауылында “ҚазТрансГаз Аймақ” АҚ тарапынан газ қосылып отыр. Жалпы Мақтаарал ауданында биыл газ қосылу нысандарының көбісі бітіп жатыр. Газ қысымын ұлғайтатын газ тарату станциясы құрылысы бітіп жатыр. Аудан аумағындағы шекара бекетінде газ құбырлары толығымен жаңартылды.
Иіржар ауылдық округіне қарасты Алаш, Наурыз, Азамат, Диқан, С.Рахимов, Шапағат, Азат, Иіржар, Мақтажан елдімекендерінің ішкі газ жүйелерінің құрылыс жұмыстары 2021 жылы басталып, бюджеттен 1 миллиард 182 миллион теңге бөлінген болатын. Бүгінде ұзақ уақыт бойы күткен көгілдір отынмен қамтылған ауыл халқы Мемлекет, облыс, аудан басшылығына және “ҚазТрансГаз Аймақ” АҚ-ның қызметкерлеріне алғысын білдірді.
ӘБДІҒАППАР БИБОЛОВ; ИІРЖАР АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ
Алғашқы уақытта осы Шапағат елді мекені мен Мақтажан, Алаш үш елді мекенге газ беріледі. Жылдың соңына дейін қалған 6 елді мекенге газ беріледі. Шапағат елді мекенінде 30 үй бар. 227 дей тұрғындар бар.
Жалпы Мақтаарал ауданында табиғи газға 18 477 абонент қосылған. Елдімекендердің 51,2 пайызына газ жеткізілген. Иіржар ауылдық округіне қарасты 9 елдімекеннің барлығына газ беру жұмыстары аяқталғаннан соң елдімекендерді газбен қамту деңгейі 65,2 пайызға жетеді.
2021 жылы Жаңажол және Ж.Нұрлыбаев ауылдық округтеріне қарасты жалпы 12 елдімекенге 1,9 миллиард теңге қаралып, қазіргі таңда жеткізуші газ құбырының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, 1,3 миллиард теңгеге қуаттылығы сағатына 50 мың куб метрді құрайтын “Мақтаарал” газ жеткізуші станциясының құрылысы да аяқталуға жақын қалды. Бұдан бөлек, қалған газдандырылмаған 23 елдімекеннің ішкі газ жүйелерінің құрылысына және Мақтарал ауылдық округіне жеткізуші газ құбырының құрылысына жобалық сметалық құжаттамаларды әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде 2022 жылы 10 жобаның сараптама қорытындысы алынса, қалған 13 елдімекенге жобалау жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады.
Айта кетейік, жоғарыда аталған жұмыстардың бәрі іске асқан соң Мақтаарал ауданының елдімекендерін газбен қамту 100%-ға жететін болады.