Skip to content

“ИСЛАМ ДІНІНЕ ҚАРСЫ ШЫҚТЫ” ДЕП ДАБЫРА САЛЫП ЖҮР”: ТАМАРА ДҮЙСЕНОВА УАХАБИЗМ ЖӘНЕ САЛАФИЗММЕН КҮРЕС ҚАЛАЙ ЖҮРЕТІНІН АЙТТЫ

      Депутат Ермұрат Бапи мәжіліс төрінде үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсеноваға жат ағымдармен күрес қалай жүргізілетінін сұрады. Бұл туралы Sanur.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ермұрат Бапи Дүйсеноваға сауал қойып, бұл мәселені өткен аптада көтергенін айтты.

Өткен аптада елдегі теріс исламдық-салафиттік ағым ұлттық және мемлекеттік мүддемізге қатер төндіріп жатқаны жөнінде Мәжілісте депутаттық сауалдар жолдағанын білетін шығарсыз. Бұл сауалдар еріккеннің ермегі емес, Қазақстан қоғамын, оның рухани ортасын барған сайын меңдеп бара жатқан салафизм-арабизм дертінің алдын алудан туған жандәрмен азаматтық алаңдаушылықтың мүддесі еді. Мемлекетіміздің ұлттық тұтастығы мен халқымыздың дәстүрлі діни діңін, ұрпағымыздың болашағын қатерге байлап бере алмаймыз. Біз ұлттық қадір-қасиетімізді сақтаймыз десек, елдің ішіне іріткі салған жат діни ағымды ақыл-санадан да, ауыл-қаладан да қуып шығуға міндеттіміз”, – деді депутат.

Оның айтуынша, көпшілік Ринаттың сөзін айналдырғандай, депутаттардың сауалын “Ислам дініне қарсы шықты” деп дабыра салып жүр.

Біз жалпы исламға және елдегі исламның Әбу-Ханифа мәзхабына қарсы емеспіз, біз дәстүрлі дінге бүйі тигендей болған салафизм-уахабизм идеясына қарсымыз! Қазақ халқының ежелден өмір сүру және тұрмыс-салт дәстүріне жат салафизм сектасы мен жат идеологиялық ағымға қарсы Үкімет тарапынан жасалған концепциялық бағдарлама бар ма? Елдегі исламдық дінішілік алауыздықтан туындайтын ұлттық қауіпсіздікке қатысты қатерге қарсы тұру мақсатында үкімет пен тиісті уәкілетті органдар бірігіп, қандай қам жасап жатыр?” – деді ол.

Тамара Дүйсенова концептуалдық құжаттар жайлы сөз қозғады. Оның айтуынша, 2011 жылы діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заң қабылданды. Сол заңды орындау үшін соңғы бес жылда үш концептуалды құжат қолға алынған.

2018-2022 жылдарға арналған діни экстремизм мен радикализмге қарсы шара болды. Бұл – үлкен проблема. Тамыз айынан бастап мәселе қолға алынды. Теологтар мен діни бірлестіктердің өкілдері шақырылды”, – дейді Дүйсенова.

Ол қоғамда діни сауаттылықтың төмен екенін және мемлекеттік органдардағы реттеу жұмыстары мен ұйымдастыру жұмысында шикіліктер барып айтты.

“Хиджаб мәселесі бойынша мемлекеттік органдардың толық жауап бермеуі қоғамда үлкен пікірталасқа апарды. Дін өте нәзік. Оны заңды түрде реттеуіміз керек. Сауд Арабиясының өзінде мемлекеттік реттеу функциялары күшейтіліп жатыр. Сондықтан заңға өзгеріс енгізу керек, – деді вице-премьер министр.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *