Skip to content

Қ.ТОҚАЕВ:ЕҢБЕКҚОРЛЫҚ ПЕН ЖАУАПКЕРШІЛІК ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БІРЕГЕЙ БОЛМЫСЫНА АЙНАЛУҒА ТИІС»

Бүгінде әлеуметтік желілерде әдемі өмір сүру мен оңай олжа табу туралы жарнамалар көбейіп кетті. Бұл халықтың санасына барлық жетістікке қиналмай қол жеткізуге болады деген бос қиялды сіңіреді, деп өтті мемлекет басшысы Ауылшаруашылығы еңбеккерлерінің алғашқы форумында сөйлеген сөзінде. 

«Жастардың белгілі бір бөлігі соған сеніп, алтын уақыттарын босқа сарп етуде. Кез келген жетістікке тынымсыз еңбек қана жеткізетіні даусыз. Бұрынғылар «Еңбек бәрін жеңбек» деп бекер айтпаған. Еліміздегі әр азаматтың адал әрі жауапты еңбек арқылы табысқа жеткенін қалаймын. Бұл – азаматтарымыздың өмірлік мақсатына айналуға тиіс. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» қағидасының мәні де осында жатыр. Мен жастарға сенетінімді үнемі айтып келемін. Ауыл шаруашылығы жастардың өзін танытуына мол мүмкіндік береді деп ойлаймын. Ауылға маман тартудың қаншалықты қиын екенін жақсы білетін шаруашылық басшылары бұл іске ерекше мүдделі. Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы саласына мамандар даярлауға үлкен көңіл бөлініп келеді. Соңғы жылдары елімізде жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары ашылып жатыр. Оның төртеуі агроном, мелиоратор, биотехнолог және эколог сияқты ауыл шаруашылығы саласында сұранысқа ие мамандарды халықаралық бағдарламалар бойынша даярлайды. Жалпы, мемлекет пен бизнес ауылдағы барлық мәселені бірлесіп шешуі керек. Агроөнеркәсіппен айналысу үшін ауылға келген жас кәсіпкерлерді бағалаймын. Мемлекет те сіздердің еңбектеріңізді ұмыт қалдырмайды. Жолдауда Үкімет пен барлық мемлекеттік органдар отандық бизнеске, шетелдік инвесторларға жол ашуы керек екенін тапсырған болатынмын. Ауыл тұрғындарына қол ұшын созып, олардың тұрмыс жағдайын жақсартуға атсалысатын кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтар мемлекеттің көмегіне жүгіне алады. Олардың инвестициялық жобаларына қолдау көрсетіп, бюрократиялық кедергі келтірмеу керек. Бір сөзбен айтқанда, шаруалармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеу қажет. Үкімет пен әкімдер жерді табыс көзіне айналдырып, ауылдағы әлеуметтік мәселелерді шешуге атүсті қарайтындарға тосқауыл қоюға тиіс. Жауапкершілігі мол кәсіпкерлер мен инвесторлар ғана елдегі оң өзгерістердің нағыз көшбасшысы бола алады. Сіздер ынтымақ-бірлік пен нағыз патриотизмнің озық үлгісін көрсетіп, ауыл тұрғындарының жағдайын жақсарта бересіздер деп сенемін. Мемлекет сіздерге жан-жақты қолдау көрсетіп, лайықты бағалайды. Мемлекет пен агробизнес арасындағы байланысты жақсарту үшін бүгінгі Форумды жыл сайын өткізуді ұсынамын»- деді Қасым — Жомарт Тоқаев.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *