Skip to content
Главная страница » ҚАРТТАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

ҚАРТТАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

    «1 қазан – Халықаралық қарттар күні». Бұл мереке 1990-жылдан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымының қаулысы негізінде кең көлемде аталып келеді. Аталмыш мерекені тиісті деңгейде атап өтіп, қазыналы қарттарына құрмет көрсетуші мемлекеттер қатарында Қазақстан да бар, деп хабарлайды Sanur.kz тілшісі.
 
Аталмыш мереке қарсаңында Жетісай аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен Асықата кентінің қарияларына мерекелік дастархан жайылып, сый-құрмет көрсетілді. Елдің ынтымағы мен бірлігін сақтауда аянбай еңбек етіп жүрген ел ағаларына құрмет көрсетуде демеушілік жасаған азаматтарға аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нұрлан Райымбековтың алғыс хаттары табысталды.
 
Салтанатты іс-шара барысында ауыл ақсақалдары Мырзашөл даласының кешегісі мен бүгінгісін, тәуелсіз Қазақстан елінің қол жеткізген жетістіктерін айтып, осынау бейбіт заманның қадірін ұғынуды айтып, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жолдауында айтылған міндеттер мен бастамаларды жүзеге асыруға қолдау көрсетуге шақырды.
 
Сонымен қатар, мерекелік дастархан басында аға буын өкілдері өскелең ұрпаққа жақсы менен жаманның аражігін ажырататын өсиетті ақыл-кеңестерін берді. Елдегі ұлтаралық татулық пен саяси тұрақтылықтың сақталуын, қайғысыз күннің түгемеуін тіледі.
 
«Бүгінгі жас – ертеңгі елдің сенім артқан болашағы. Біз жастарымызға қандай өнеге көрсетіп, қандай тәрбие берсек еліміздің болашағы солай қалыптасады. Сондықтан, ұрпақ тәрбиесінде «сенікі, менікі» деген түсінік болмауы керек. Ол – баршамызға ортақ міндет.
 
Осынау жауапкершілігі үлкен істе аянбай еңбек етіп келе жатқан сіздерге айтар алғысымыз шексіз» деген аудан әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков ардагерлерді айтулы мерекемен құттықтады.
Бар жастық жігері мен күш-қайратын елінің ертеңіне арнап, аянбай еңбек еткен қарттарымыздың төл мерекелерін жоғары деңгейде атап өтуде «Асықата» кенті мәдениет үйінің өнерпаздары да өз үлестерін қосып әсем әннен шашу шашты.
 
«Қай заманда, қай қоғамда болмасын қарияның аты қария, орны әрқашан да төрде болмақ. Елдің ынтымағы мен бірлігін сақтап, берекесін асыруда, ұрпақ тәрбиесінде қарттарымыздың рөлі үлкен. Біздің ол кісілерден үйренеріміз әлі көп» – дейді аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нұрлан Кеттешұлы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған